Шымкент әкімі пандемия кезінде көз жұмған дәрігерлердің отбасына көңіл айтып, марапаттарын жеткізді деп хабарлайды QazPulse тілшісі «КТК» арнасына сілтеме жасап.
Мұрат Әйтенов қара жамылған 9 үйге ақша да таратты. Алайда Президент айтқандай 10 миллион теңге емес, тек 1 миллионнан. Себебі қайтыс болған дәрігерлер коронавируспен емес, пневмониямен ауырған екен.
«Күресіп жатқан ешбір дәрігерді қалдырмаймыз. Бізде қазір ковидпен тікелей жұмыс істеп жүрген азаматтар қайтқан жоқ әлі. Бәрі әрі қарай жұмыс істеп жатыр. Ауырғандар бар. Бірақ қайта жызылып, қайтып жұмысқа кірісіп жатыр», – дейді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.
Шымкентте пандемия басталғалы 9 медицина қызметкері көз жұмған. Вирус құрбандарының әрқайсының үйіне кіріп шыққан Мұрат Әйтенов «Қайырымды қала» қоры есебінен бөлінген 1 миллионды батаға деп үлестірді. «Аз да болса, көптей көріңіз» деп жұбатқан әкім, қаржыдан бөлек ордендер табыстады.
Науқастардың өмірі үшін арпалысып жүріп ажал құшқандар арасында дәрігерлер, медбикелер мен фельдшерлер бар. Олардың алтауына «Құрмет», біреуіне «Парасат», екеуіне «Барыс» ордені берілді.
Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы бұған дейін коронавируспен күреске кіріскен ақ халатты абзал жандарға үстемеақы барынша әділ төленетініне сендірген болатын.
Жұмыс барысында коронавирусқа шалдыққан жаннан ауру жұқтырған медицина қызметкерлеріне Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 2 миллион, көз жұмса 10 млн теңге төлеу шешілген еді.
Ал қауіпті індеттің бетін қайтарумен айналысатын медицина қызметкерлерінің жалақыларына ай сайын 200 мыңнан 850 теңгеге дейін қосылып отыруы тиіс.
Кейінірек өткен баспасөз мәслихатында, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, коронавирус салдарынан ауру жұқтырған немесе көз жұмған дәрігерлерге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан өтемақы төлеу бойынша 6 өңірдегі денсаулық сақтау басқармаларынан 123 өтініш түскенін айтты. Енді 3 жұмыс күнінде індетке шалдыққан медицина қызметкерлеріне 2 млн теңге беру жөнінде шешім айқындалмақ. Қайтыс болғандарға 10 млн теңгеден төлеу бойынша денсаулық сақтау саласы тарапынан өтініш түспеген