ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі коронавирус індетіне қатысты тікелей эфирдегі сөзінде 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Сондай-ақ халықты жалған ақпаратқа ермеуге, үрейге берілмеуге шақырды деп хабарлайды QazPulse тілшісі.
«Жағдайдың тұрақталатыны сөзсіз. Оның алғашқы белгілері де бар. Сондықтан, алдағы екі апта біздің болашақ қадамдарымыз үшін шешуші кезең болмақ. Барлық азаматтарды тағы да карантин ережелерін қатаң сақтауға шақырамын. Індетпен күрестің нәтижелі болуы, ең алдымен, барша жұрттың саналы әрекеті мен жауапкершілігіне байланысты.
…Ашығын айту керек, денсаулық сақтау жүйесі індетке тойтарыс беруге дайын болған жоқ. Осы мәселе бойынша біз тергеу жүргіземіз және бұл жағдайдан сабақ аламыз. Әкімдердің жіберген қателіктеріне тиісті баға береміз.
…«Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, Әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Сол үшін 13 шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын.
…Сонымен қатар, тағы бір маңызды мәселе. Дәрігерлеріміз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтарға нақты, бірізді мәлімет беруі керек. Дертті емдеудің неше түрлі жолдарын көрсетіп, адамдардың денсаулығына қауіп төндіруге болмайды.
…Сол сияқты дәрі-дәрмектің бағасын бірнеше есе өсіріп, қалыптасқан жағдайды өз мақсатына пайдаланғысы келген алыпсатарларды да құқық қорғау органдары менің тапсырмама сәйкес жауапқа тарта бастады.
Қазір мемлекеттік органдар елді мекендерді қажетті дәрі дәрмекпен толық қамтамасыз етуде. Осыған орай, тиісті қор жасақталған. Төсек орындары да, медициналық қызмет көрсету ісі де толығымен қамтамасыз етіледі».
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі қазіргі жағдай туралы телевизиялық үндеуінен, 2020 жылғы 8 шілде. Толық мәтін – Ақорда сайтында.