«42 500 теңге» әлеуметтік төлемін банк шотының жоқтығынан ала алмаған азаматтар, енді оған IBAN шотты ұсынбай-ақ, ұялы телефон нөміріндегі «ұялы байланыс операторының электрондық әмиянындағы» жеке шоты арқылы қол жеткізе алады деп хабарлайды Qazpulse тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Төтенше жағдай кезінде табыстан айырылуға байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төлем тағайындау ережесіне тиісті өзгертулер ағымдағы жылдың 6 мамырында енгізілген.
«Ұялы байланыс операторының электронды әмиянының» шотына әлеуметтік төлем алу үшін азамат SMS-хабарлама арқылы өзінің келісімін растауы қажет. Азаматтан жауап алғаннан кейін оператор алушының жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) тексеріп, ақша ұялы телефонның жеке шотына жіберіледі. Оны Халық банкінің банкоматтары немесе Қазпошта бөлімшелері арқылы алуға болады», – деп түсіндіреді Министрлік өкілдері.
Бұдан басқа, қате берілген өтінішті кері қайтарып алғысы келетін азаматтардың бары аян. Осыған байланысты, Ережеге, осындай мүмкіндік беру мақсатында өзгертулер енгізіліп, техникалық шешімдер әзірленген. Енді кері қайтарып алу туралы өтінішті әлеуметтік төлем туралы өтініш берген тәртіппен беруге болады.
Сонымен бірге, Ереже талабын сақтамағаны үшін әлеуметтік төлемді тағайындаудан бас тартылған азаматтарға, егер Төтенше жағдай кезінде енгізілген шектеулерге байланысты табысынан айрылу дерегін растайтын құжаттар болған жағдайда, жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) штабтарға қайта жүгіну мүмкіндігі берілді.
Мысалы, екі немесе одан да көп жерде жұмыс істейтін (өтініште кірісті жоғалту туралы бір жұмыс берушіні көрсеткен, алайда іс жүзінде басқа да жұмыс беруші ақысыз демалысқа жіберген), ЖК патенті бойынша наурыз-мамыр айларын қосқандағы кезең үшін әлеуметтік аударымдар/міндетті зейнетақы жарналарын төлеген (бірақ іс жүзінде Төтенше жағдайға байланысты осы кезеңде кіріс алмаған) азаматтарға осы жаңалыққа ерекше назар аударған жөн.
Қолданыстағы Ережеге сәйкес «42 500 теңге» төлемі азаматтардың санаттары Министрлік сайтында көрсетілген.
Атап өтерлік жайт, «42 500 теңге» әлеуметтік төлемін тағайындауға 2020 жылғы 11 мамыр күні сағат 18:00-ге дейін келіп түскен өтінімдер белгіленген тәртіппен қаралатын болады және Ережеде көрсетілген шарттарға сәйкес келген жағдайда, әлеуметтік төлем тағайындалады және төленеді.