Бүгін үкіметтік ведомствоаралық комиссия санитарлық тәртіпті күшейту мәселелерін қарады деп хабарлайды QazPulse тілшісі Премьер-министр сайтына сілтеме жасап.
ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова өз баяндамасында халық арасында санитарлық тәртіптің сақталмауының кесірінен елімізде коронавируспен ауырғандар саны көбейіп келе жатқаны байқалатынын атап өтті.
«Ауру адаммен байланыста болғандардың арасында вирусты жұқтырғандар саны артты, оның ішінде бір отбасы мүшелері арасында сырқаттану жағдайы көп тіркелуде. Өткен екі аптада коронавирусты жұқтырғандардың жартысына жуығы ұжымдарға қатысты болып отыр», – дейді ол.
Осыған орай, Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов адамдардың ауыру саны артып отырған өңірлердің әкімдіктеріне карантин шараларын күшейту мәселелерін қарастыруды тапсырды.
Өңір әкімдіктері санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бақылайтын мониторинг топтарының жұмысын күшейтуді, талаптарды орындамаған объектілердің қызметін анықталған кемшіліктерді орнына келтіргенше уақытша тоқтату бойынша нақты шаралар қабылдауды қолға алуы қажет.
Мемлекеттік орган басшыларына ұжымның 80%-ын қашықтан жұмыс істеу тәртібіне ауыстыру ұсынылды.
Осы орайда Қарағанды облысында шектеу шаралары қайта қолға алынып, Жезқазған мен Қарқаралы ауданы және Шет ауданының Жарық станциясында блок-бекеттері қойылатыны мәлімделді.
Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин болса, жамағатпен намаз оқуға рұқсат етпегенін хабарлады.