Мұхиттың арғы жағындағы ныспысы Теодор, қазақша аты-жөні Марат Тоқтарұлы Оразғалиевті елдегі бауыры Рүстем де қатты сағынып, көргісі келіп, тағатсыздана тосуда. Айтпақшы жадыдағы ата дәстүр жаңғырған Теодор руын сұрағыштауда.
Сонымен Theodore Walton 2001 жылы Өскемен қаласында дүниеге келіп, бір жыл өтпей жатып шетелден шыққан. АҚШ-та асырап алған ата-анасының адамгершілігі сол, оның қазақ екенін үнемі есіне салып отырады екен. Бұнымен тоқтамай, 2008 жылдан бастап туыстарын іздеген. Осылайша Қазақстан деген мемлекеттің Өскемен деген қаласында жақындары барын ұмыттырмаған. Бір ай бұрын, Теодор, Өскеменде тұратын Рүстем деген ағасы және апайы бар екенін біліпті.
«Екеуімен де кеше байланысқа шықтым, интернет аударма арқылы орысша сөйлестік. Қазір үздіксіз байланыстамыз. Суреттерін көрдім. Биыл туған жерімді, туған қаламды, туыстарымды көрсем деген арманым бар. Қазір жатсам да тұрсам да ойлайтыным – Өскемен қаласы. Ертіс деген өзенді көргім келеді. Қазақ жері қандай, халқы қандай екен, руымды білгім келеді», – дейді АҚШ-тың Флорида штатындағы Пенсакола қаласында тұратын, колледжде оқитын Теодор.
Рүстем Оразғалиев болса, 1998 жылы туған. Қазыр Күршімде тұрады. Бұйырса алдағы күндері бастауыш сынып мұғалімі мамандығының дипломын қолына алайын деп жатыр.
«Біз Өскемендегі балалар үйінде болыппыз. Мені 5 сынып оқып жүргенде асырап алған. Мектепті Күршім ауылынан №4 мектептен бітірдім. «АҚШ-тағы қазақ баласы туыстарын іздеп жатыр» деген жаңалықтар тарап жатыр ғой, сол суреттегі негізі менмін. Туған бауырым бар екенін, оны Америкаға алып кеткенін алғаш рет 7-8 сынып оқып жүргенде білдім. Бірақ мұхит асып кеткен бауырды табу маған енді мүмкін емес, бос қиял сияқты болып көрінетін. Кеше ШҚО білім басқармасынан хабарласып: «Сіздің туған бауырыңыз табылды» деген кезде алай-дүлей сезімде болдым. Аударма арқылы сөйлестік. Ол менің ағылшынша білмегеніме таң қалды. Гугл аударма арқылы орысша сөйлестік. Келген соң оған қазақша үйрету керек», -деп күледі Рүстем.
Рүстемнің асырап алған ата-анасы да бұл хабарға қуанып жатыр екен. Ал, Теодордың тағы бір әпкем бар деп отырғаны Рүстемның немере апайы. Барлығы Америкадағы ұлды асыға күтіп отыр деп жазады Алтайньюстегі әріптестеріміз.
QazPulse тілшісі әлеуметтік желіде 2000 жылдары АҚШ-қа жолданған тағы бір қазақтың қыз баласының ата-анасын іздеп жатқанын аңғарды.
Оған да тезірек атамекенімен, жақындарымен қауышуды тілейміз.