Антибиотиктер вирустық инфекцияны емдеу үшін қолданылмайды. Бұл туралы, бүгін, коронавирус инфекциясымен күрес туралы баспасөз мәслихатында денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бұйрабекова айтты деп хабарлайды QazPulse тілшісі.
Денсаулық сақтау министрлігінің хаттамасында антибиотикалық терапия пневмонияны ауруханада емдеу үшін ғана ұсынылуда.
«Азаматтарға антибиотиктермен өздігімен емделмеуді кеңес етеміз», – деді вице-министр.
Сонымен қатар, бүгінде коронавирус инфекциясымен ауырған науқастарды емдеу үшін 138,8 миллион теңгеге 59 дәрі түрі сатып алынған. Аталмыш дәрілік заттар барлық өңірге жеткізілген.
«Медициналық ұйымдарда «Лопиновир», «Ритонавир» және «Гидроксихлорохин» дәрілері бар. «Ремдесивир» дәрісін сатып алу жұмыстары аяқталды, келісімшарт жасалды, енді жақын күндері бұл дәрі стационарларға жеткізіледі», – деді Людмила Бұйрабекова.
Бұл дәрі коронавирустың күрделі түрін емдеуге аса қажет. Сонымен қатар, «Фавипиравир» дәрісін емдеу шараларына қосқаннан кейін, ол да жақында сатып алынбақ. Бірнеше өндірушілермен келіссөздер жүргізілген.