Большевиктердің тоталитарлық билігі ұйымдастырған қазақ жеріндегі Ашаршылыққа ресми түрде «геноцид» деп құқықтық баға беруді талап етіледі. Мәжілістегі «Ақ жол» партиясының мүшесі Берік Дүйсенбинов Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов атына жолдаған депутаттық сауалында осы мәселені көтерді деп хабарлайды QazPulse мүшесі.
Мысалға әлем «геноцид» деп мойындаған Украинаның «Голодоморынан» 3 миллион 900 мың адам қаза тапса, сол украиндық сарапшылардың өздерінің айтуынша, Қазақстанда ашаршылықтан 4 миллион астам отандастарымыз қайғылы құрбандыққа ұшыраған, Қазақ елінің саны 70 пайызға азайып кеткен.
Осыған байланысты еліміздің Сыртқы істер министрлігі ашаршылық мәселесін геноцид ретінде халықаралық деңгейде (Біріккен Ұлттар Ұйымы, ОБСЕ, АҚШ Конгрессі, Европарламент) мойындату жұмыстарын бастауы керек деп санайды ақжолдық фракция.
«Сол жылдары, өз елін, ауылын азапты ажалдан құтқарамын деп, тоталитарлық, қанішер саясатқа қарсы, қарулы көтеріліс жасаған жүздеген батырларымыз әліге дейін ақталған жоқ. Олар «басмач» деген мазақ аттан әлі арыла алмай жүр. Тарихшылардың деректері бойынша, қазақ даласында кемінде мұндай 300-ден аса көтеріліс болған. Елдің жадында Сарқан, Балқаш, Қазалы, Қарақұм, Ырғыз, Атбасар, Сарысу, Созақ, Адай, Шұбартау, Бостандық көтерлістері әлі күнге дейін сақталған.
Аталарымыздан бізге жеткен естеліктер бойынша, бас көтерген қазақ руларын большевик әскерлері артиллериямен атқылап, қашып бара жатқан ауылдарды аэропланмен бомбалап, шекарада ұсталған қорғансыз босқындарды пулемётпен бала-шағасымен қоса, қойша қырған.
Мысалы, шығыстағы қазақ-қытай шекарасындағы атақты «Ақ-найман қырғыны» деген қанды оқиға ел есінде сақталса да, ресми түрде әлі мойындалмаған; ал осы заставаның аты бертінге дейін сол қырғынды тікелей басқарған қызыл әскердің атымен аталып келді. 2012 жылы «Қарасу» шекара пунктінің құрылысы кезінде, Шу өзеннің жағасынан жергілікті қариялардың айтуынша 30-ші жылдары атылған әйелдермен балалардың топталып жатқан сүйектері табылды.
Осындай тарихи ақтаңдақтар Ертіс пен Шуда ғана емес, Жетісу мен Сыр бойында, Каспий өңірінде де орын алған.
Елімізбен бірге, ашаршылық пен репрессия орыс, украин, өзбек, ұйғыр, татар, қырғыз басқа да Қазақ Республикасында өмір сүрген адам баласының басынан өткен.
Әрине, мұндай құжаттарды анықтап, халыққа жария етіп, еліміздің мыңдаған нағыз құрбандарын ақтап, адал тарихи баға беретін кез келді», делінген депутаттық сауалда.
Сонымен қатар, депутат, соңғы жылдары кейбір әлеуметтік топтарда керісінше сталинизмді қайта насихаттау басталғанына қынжылды. Сол себептен, аға буынның ондаған жылдар бойы кірме үгіт-насихатпен өмір сүргенін атап өткен «Ақ жол» демократиялық партиясы елімізде де-коммунизация ұстанымын мемлекеттің ресми саясатының бір бөлігі болуын қалайды.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы комиссия құру» жөніндегі тапсырма бергені белгілі.