Ақтөбе хром қосылыстары зауытында қауіпсіздік техникасының бұзылуы салдарынан орын алған оқиға бойынша күдікті ретінде учаске шебері, бөлім басшысы және № 4 цех басшысы ұсталды деп хабарлайды QazPulse тілшісі Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
28 мамырда Ақтөбе хром қосылыстары зауытында қауіпсіздік техникасының бұзылуы салдарынан оқиға орын алған болатын. Салдарында “АХҚЗ” АҚ зауытының 4-цехының төрт қызметкері химиялық күйік пен уланудан оқиға орнында көз жұмды. Екі қызметкер Ақтөбе қаласының жедел жәрдем ауруханасына жатқызылды.
«Аталған дерек бойынша Ақтөбе облысының ПД-мен ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабының 4-бөлімімен (абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғады», деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.
“Гидроксил” химиялық заты болған 50 текше сыйымдылықты тазалау жұмыстарын жүргізу барысында қауіпсіздік техникасы ережелері бұзылған.
«ҚР ҚІЖК 128-бабы тәртібінде күдікті ретінде учаске шебері, бөлім басшысы және № 4 цех басшысы ұсталды. Барлық үш адамға күзетпен ұстау шарасы қолданылды. Сараптамалар тағайындалды, қауіпсіздік техникасы бойынша құжаттар, наряд беру журналдары, лауазымдық нұсқаулықтар алынды. Одан әрі тергеу жүргізіліп жатыр», делінген министрлік ақпаратында.