Қазақстандықтардың аста-төк үйлену тойын өткізу әдеті тағы да сынның астында қалды. Бұл жолы саясаттанушы Оралбек Өтеғұлов тойға бес жылдық мораторий жариялауды ұсынып отыр, деп хабарлайды QazPulse тілшісі.
Коронавирустық пандемия адамдарды көп нәрсеге басқаша қарауға үйретуде. Ақтөбелік саясаттанушының пікірінше, қазақстандықтар үшін бұл тойдан бас тартуға тамаша мүмкіндік. Ол ысырапшылдықпен жасалған мерекеде даяшылардың алатын ақшасы мардымсыз екендігін, ал өнер көрсететін әншілер, керісінше, бір айда 10-15 миллионға дейін қаражат таба отырып, бәрі бірдей жанды дауыспен ән айтпайтындығын алға тартып, тойға бес жылдық мораторий жариялауды ұсынып отыр.
«Осы карантин режимін пайдаланып тойды реттейтін арнайы заң қабылдап алуымыз керек. Онда үйлену және ұзатылу тойларын 50 адаммен шектейтін, басқа тойларға тыйым салатын болуы керек. Оған қоса тойлардағы музыканың дыбыс деңгейін, даяшылардың лайықты айлығын реттейтін баптар болуы керек. Оған қоса асабалар мен тойда өнер көрсететін әртістердің табысының 50 пайызын салыққа алу керек. Сонда ғана нағыз сапалы өнер майталмандары іріктеліп шығады», – деп жазады Оралбек Өтеғұлов Abai.kz ақпараттық порталында жарияланған мақаласында.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанда 3 маусым саябақтар мен гүлзарлар, жаттығу залдары, фитнес клубтары, алдын ала жазылу арқылы білім беру орталықтары мен үйірмелер жұмысын бастады. Алайда той жасауға әлі де болмайды.
Қазақстандықтардың несиеге алған ақшаларына аста-төк той жасау әдеті – талайдан бері көтеріліп жатқан мәселе. Тіпті, 2018 жылы Сенат төрағасы қызметін атқарып жүрген Қасым-Жомарт Тоқаев тойдағы астамшылық пен бейбастықты тоқтатуды қолдап, бауырлас өзбек, түрік, түркімен халықтарынан үлгі алуға шақырған еді.
Биылғы қаңтар айында көршілес Өзбекстанда дүркіретіп той жасауға тыйым салынды. Бұл елде қабылданған ережеге сәйкес, отбасылық іс-шараларды сағат 06:00-ден 23:00-ге дейін өткізуге және мерекеге тек 200- 250 адам шақыруға рұқсат берілді. Үйлену тойын өткізерде той иелері өзін-өзі басқару органына кем дегенде бір апта бұрын ескертуі қажет.