Рим әуежайының қызметкері бұл шлемді басына киіп алып жүреді де, жан-жағындағы жолаушылардың дене қызуын тексереді деп хабарлайды QazPulse тілшісі Independent ақпаратына сілтеме жасай отырып.
Италия ғалымдары ойлап тапқан аталған құрылғы маңайдағы адамдапды инфрақызыл сканерге түсіріп, қызыл түс жанса, жоғары дене қызуына байланысты «дабыл қағады». Сәйкесінше ықтимал қауіпті індет жұқтырушысы ұшаққа жіберілмейді.
ҚР Мемлекеттік комиссиясы шұғыл штабының жазуынша, Италия карантин тәртібін біртіндеп бәсеңдетіп жатыр. Мұнда 18 мамырдан бастап барлар мен мейрамханалар ашыла бастамақ. Сонымен қатар, бұл елде коронавирусты жұқтырғандардың жартысынан көбі сауығып шыққан. Жалпы 222 мың адам қауіпті вирусты жұқтырып, 113 мыңға жуығы жазылса, көз жұмғандар саны — 31 106.
Қазақстанда болса, кеше, 14 мамыр тағы 118 коронавирус дерегі анықталды. 5689 адам ауырып қалса, 2534 науқас сырқатынан айығып, 34 адам қайтыс болды.