Нұр-Сұлтан қаласындағы күнделікті тексерулер барысында көпшіліктің санитарлық талаптарға немқұрайлы қарайтыны анықталған деп хабарлайды QazPulse елордалық әкімдіктің ақпаратына сүйене отырып. Тұрғындарға әлі де қатаң тәртіптен ауытқымау кеңес етілуде.
Қала сыртындағы шеп-бекеттер жұмысын жалғастырып, көшеде тәртіп сақшылары жүр. Кәсіпорындардың қызметі тексерілуде.
«Карантин тәртібін жұмсартудың нәтижесінде көп адам көшеге ұмтылды. Санитарлық-эпидемиологиялық шарттарды сақтамаған құрылыс компаниялары, дәмханалар мен қонақүйлер, барлығы 26 нысан жабылды. 150 кәсіпорынға ескерту жасалып, бірқатарына айыппұл салынды», – деген Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов саябақтарда адамдардың топпен жиналып, маскасыз жүретініне қынжылды.
Салдарында дәрігерлерге жағдайды дер кезінде ауыздықтауы қиынға соғуы мүмкін. Себебі науқастың кіммен қатынаста болғанын анықтау, індет көзін оқшаулау ұзаққа созылады. Сондықтан қала басшысы полиция тарапына күшейтілген іс-қимылдан айнымауды, халықпен түсіндіру жұмыстарын тоқтатпауды және қызметін қайта жандандыруға рұқсат алған компанияларды бақылауды ұстауды тапсырды. Осы орайда Алтай Көлгінов сырқаттардың 40%-ы жастар екенін атап өтіп, коронавирус дертінен сақтануға салғырттық танытпауға шақырды.
Маңғыстау облысында болса, бүгін, керісінше карантин шараларының жұмсартылатыны мәлімделді.