Алматыда Төтенше жағдай кезінде жұмысын қайта бастаған кәсіпорындарда 150 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылып отыр деп хабарлайды QazPulse тілшісі. Оңтүстік шаһарда осыған дейін 20 сәуірде бірқатар кәсіпкерлік нысандары іске кіріссе, енді міне екінші кезең бастау алды.
Осылайша, қалада 27 сәуірден бастап көлік және қоймалау, ақпараттық-коммуникациялық технология салалары кәсіпорындарының, сондай-ақ қала экономикасының басқа бағыттарындағы ұйымдардың қызметі жанданбақ. Дегенмен, қаржы секторынан қызметкерлердің жалпы санының 50%-на дейін жұмысқа шыға алады. Бұл консалтингтік, аудиторлық, бухгалтерлік, заңгерлік және рекрутингтік қызметтерде де қатысты талап. Алайда айырбастау пункттерінің жұмысы бойынша шектеулер әлі алынбаған.
Қызмет етуіне рұқсат етілген барлық кәсіпорындарда санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бұлжытпай сақталуы тиіс. Сәйкес салалар бойынша ұйымдардың өз ісіне оралуы және олардың қызметкерлерінің қалада жүріп-тұруына рұқсат алу infoalmaty.kz базасына мәліметтерді енгізгеннен кейін мүмкін болмақ.
Сервистік салада автосалондардға көлік сатуға тыйым салынған. Автосалондар мен көлік жуу орындары келушілерді алдын ала жазылу арқылы қабылдайды. Бұдан басқа, қалада ұйымдастыру техникасын жөндеу кәсіпорындары, жарнама агенттіктері, дүкендер, оның ішінде сервистік орталықтар, ауыл шаруашылығы техникасы мен оларға арналған қосалқы бөлшектерді сататын, сондай-ақ тағамдық емес тауарларды үйге жеткізуді жүзеге асыратын компаниялар қайта жұмыс істей бастайды. Тиісті нысандар ашылмас бұрын Бас санитарлық дәрігердің нұсқауымен аудиттен өтпек.
Жедел желі нөмірлері: 8 775-882-52-00, 8 775-882-53-92.