1 маусым – Балалар құқығын қорғау күніне орай «Жануарлар – менің достарым» байқауына балалар суреттерімен бірге өз толғаныстарын жіберді деп хабарлайды QazPulse тілшісі ұйымдастырушы тарапқа сілтеме жасай отырып. Республикалық ауқымдағы шара Қазақстан Республикасы Президентінің қамқорлығымен өтіп жатыр.
Байқауға Қазақстан бойынша 3 000-нан астам бала өтініш жіберген. Жас таланттар сурет салып қана қоймай, сүйікті жануарымен таныстырып, эссе жазып, видео түсіріп, үлкендерді жануарларға қамқорлық көрсетуге, мейірімділік танытуға және оларды жақсы көруге шақыруда.
1 сәуірде басталған конкурс, маусым айының соңына дейін жалғаспақ. Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен балалар қатысып жатыр. Біреуі үйіндегі сүйікті жануарын фотоға түсірсе, енді біреулер сынып болып өтініш жіберген. Байқау шарты бойынша бейнематериал түсіру міндетті емес, соған қарамастан қиялына ерік берген кішкентайлар жер ана мен жыбырлаған жануарды қорғау керектігін шырылдап тұрып жеткізген. Эсселер ішінде аңшылықты сынға алған да бала бар. Бір сөзбен, жас ұрпақ тірі жанға қиянат жасауға болмайды деп дабыл қағады.
«Үп-үлкен және есті адамдар кішкентай ғана әлсіз төрт аяқтыларды қалайша қаңғытып жіберетіні менің миыма сыймайды, – деп жазады эссесінде Сарыөзек кентінің оқушысы Ақжан Қайырбекқызы. – Тым болмаса оларды иесі жоқ жануарларға арналған орталыққа өткізуге болады ғой. Адамгершілігімізді жоғалтпайықшы, үй жануары мен жер бетіндегі барлық жануарды қорғайықшы. Және өтінерім, үйсіз қалған жануардың жылы ұя, сүйікті қожайын табуына көмектесейік».
Туындыны түпнұсқада мына мекенжайға жіберуге болады: Қазақстан Республикасы, Алматы қ., 050026, М. Әуезов көш., 14а. «Балалар әлемді бейнелейді» қоғамдық қоры, «Жануарлар – менің достарым» байқауы. Сондай-ақ электрондық пошта: alembala.kz@gmail.com. Толық ақпарат www.alembala.kz сайтында.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанда жыл басынан бері ана мен баланы әлеуметтік қолдауға 190 млрд теңге бөлінді.