Қазақстандық танымал актер Санжар Мәди, әріптесі әрі досы Максим Акбаров екеуін, Америка Құрама Штаттарында оқып жүргенде, полиция қызметкерлері қалай атып тастай жаздағанын жазды деп хабарлайды QazPulse тілшісі.
Өнер иесі өзінің желідегі парақшасында, Америкадағы соңғы оқиғаларға байланысты 2011 жылы басынан өткен жағдаймен бөлісті. Оның айтуынша, ол кезде Максим екеуі Нью-Йорк кино академиясына оқуға түскен. Содан түсірілім жасау үшін жалға үсті ашық машинаны жалға алып, қажетті жерге бет түзеген.
«Бұрылыстың бірінде артымыздан полиция көлігінің ілескенін байқадық. Көп ұзамай жыпылықтатып дабыл шамдарын қосты. Бірден жол жиегіне тоқтадым», – дейді Санжар.
Екі полиция қызметкері құжаттарын тексеріп, машина құжатының мерзімі өтіп кеткені анықталған. Жүксалғышты ашуға шыға бергенде қару кезелгенін айтады. Сондай-ақ тәртіп сақшылары Борат туралы сұраған…
Сол жылы Портсмут қаласында қазақстандық Кирилл Денякинді америкалық полиция өкілінің атып өлтіргені белгілі. Осы және басқа да жайттар, тұтас өмірі көз алдынан зу етіп өткен Санжар арқасынан мұздай тердің аққанын, бозарып кеткенін сезгенін әңгімелейді. Әйтеуір жүксалғыштан күдік тудыратындай ештеңе табылмай, полиция қазақстандық студенттерді босатқан.
«40 минуттай машинада тырп етпей үнсіз отырдық. Қазір ол оқиғаны сараптай келе, жолымыздың болғанын түсінемін. Егер жағдай өзге бағытта ушыққанда әділдікке қол жеткізу неғайбыл еді», – деп тұнжырай тұжырымдайды актер.