Ауруға шалдыққандарды шенеунік немесе қарапайым жұрт деп бөліп қарауға болмайды. Қазақ «Кемедегінің жаны бір» дейді. «Ана тілі» басылымына берген сұхбатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт қауіпті індетті бірлесе жеңуге шақырды деп хабарлайды QazPulse тілшісі.
«Біз осы індетпен күресте жеңіліп жатырмыз немесе Үкімет ахуалды бақылаудан шығарып алды» деуге болмайды деп ой тарқатқан Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұқпалы ауруларға арналған үш аурухана жедел салынғанын жеткізді.
Оның айтуынша, басқа өңірлердегі ауруханалар да керек-жарақпен жабдықталған. Науқастарды емдеуге дәрігерлердің біліктілігі жетеді. Қазір, ақ халатты абзал жандар күндіз-түні осы індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүр. Мемлекет тарапынан қажетті қаражат бөлінген.
«Бір нәрсені айта кетейін, биліктегілер де – өздеріңіз секілді ет пен сүйектен жаралған адамдар. Лауазымды қызметкерлер жұмыс бабына байланысты бірқатар азаматтармен кездесуі керек, сондықтан ел ішіндегі іссапарларға шығады. Сондай жағдайда кеселді жұқтырып алуы мүмкін. Иә, олар да ауырады, науқасынан емделеді», – дейді ҚР Президенті.
Билікте жүргендердің арасынан 15 шақты адам осы дертке шалдыққан. Ал қазіргі статистика бойынша, вирус жұқтырғандар саны 20 мыңға жуықтады. Яғни олардың көпшілігі – қарапайым халық.
«Бұл жердегі мәселе кімнің қалай жұқтырып алғанында емес. Сол азаматтарымыздың ауруын асқындырып алмай, тезірек жазылып шығуына жағдай жасау қажет. Ауруға шалдыққандарды шенеунік немесе қарапайым жұрт деп бөліп қарауға болмайды. Қазақ «Кемедегінің жаны бір» дейді. Біз бір елде тұрып, бір ауаны жұтып, бір қоғамда өмір сүріп жатқаннан кейін ешкім де бұл аурудан өзін толықтай қорғай алмайды. …Сақтансақ қана өзімізді, жақындарымызды аурудан аулақтата аламыз. Сондықтан ел азаматтарын карантин режимін қатаң сақтап, тазалыққа мұқият болуға шақырамын. Бұл – өтпелі қиындық, уақытша сынақ. Біз осы індеттен және экономикалық дағдарыстан кейін қалай дамимыз, не істеуіміз керек деген мәселеге баса мән бергеніміз жөн», – деп қайырды Мемлекет басшысы.