Орал қаласында орналасқан «Айгүл» базарында болған өртте дәмханаға лайықталған 2 контейнер, автокөліктің қосалқы бөлшектерін сататын тағы бір контейтер отқа оранды деп хабарлайды QazPulse тілшісі.
60 шаршы метр аумақты қамтыған өрт жалыны жеңіл автокөліктің тіркемесін де шарпыды. «Тілсіз жауды» ауыздықтауға 47 қызметкер, 18 техника жұмылдырылды. Кеше, 30 маусымда тұтанған өрт 18.30-да оқшауландырылып, 18.40-та сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.
«Өрт сөндіру бөлімшелерінің тез жетіп, жедел әрекет жасауы нәтижесінде жалынның өршуіне жол берілген жоқ. Тағы бір қауіп, оқиға болған жердің қасында «Золотая чаша» базары бар еді. Өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келмегендіктен, кезінде бұл базарды жабу жөнінде сотқа құжат жолдадық. Кез-келген нысан иесі өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау керектігін естен шығармауы тиіс», – дейді жергілікті төтенше жағдай департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашев.