Астанадағы брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Ботагөз Жақселекова 10 сәуір Қазақстанның барлық аймағында өткен айға үстемеақы толығымен аударылып болатынына сендірді деп хабарлайды QazPulse тілшісі.
Жаухатшы үстемеақы тағайындау үшін жергілікті медициналық ұйым басшылары комиссия назарына тиісті тізімді ұсынатынын келтірді. Оның құрамына өңірдің бас санитарлық дәрігері, денсаулық сақтау және әлеуметтік басқармаларының қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар, «Нұр Отан» партиясы, кәсіподақ өкілдері кіреді. 8 сәуірден бастап жалақы карталарына қаржы аударыла бастаған. Ботагөз Жақсылықова наурыз айына төлемнің бүгін төленіп болатынына уәде берді.
«Әрине үстемеақыны тағайындауда дәрігерлер тарапынан біраз сұрақтар туындауда. Мәселен Алматы қаласында жұқпалы аурулар ауруханасының қабылдау бөлімі қызметкерлері үшінші (төменгі – автор еск.) санатқа жатқызылған. Біз бұл жайтты қайта қарастырып, барлық жұқпалы аурулар стационарлары қызметкерлері бірінші топқа енетінін бұйрықта айқындадық», – деген лауазым иесі коронавирусқа шалдыққан жаннан ауру жұқтырған медицина қызметкерлеріне Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 2 миллион, көз жұмса 10 млн теңге төлеу шешілгенін еске салды.
Үстемеақылардың мөлшері коронавирусты жұқтыру қаупі бар топтар бойынша анықталатын болады. Сырқаты анықталған науқастармен тікелей жұмыс істейтін 1 топ (қауіптілігі аса жоғары) – реанимация бөлімшелерін қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстемеақы айына бір қызметкерге 20 ең төменгі жалақы мөлшерін немесе 850 мың теңгені құрайды.
2-топ – провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстемеақы 10 ең төменгі жалақы мөлшерін, яғни 425 мың теңгені құрайды.
3-топ – карантиндік стационарлардағы дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер, жедел жәрдем жүргізушілері, шұғыл штаб мүшелері және т.б. Үстемеақы 5 ең төменгі жалақы мөлшерін, яғни 212 500 теңгені құрайды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Ботагөз Жақселекова карантин шараларының арқасында жағдайдың жақсарғанын айтып, екі бас қаланы мысалға келтірді. Министрлік өкілінің айтуынша, Қазақстанға келген қытай дәрігерлерінің тәжірибесін аудан деңгейіне дейін жеткізуге барынша күш салынбақ. Көрші ел сарапшылары қауіпті індеттің алдын алу мен ахуалды бақылауда ұстау, науқастардың жақындарын анықтау мен оқшауландыру тәсілі, эпидемиологиялық зерттеу, емдеу хаттамасы және дәрігерлердің ауырып қалмауы сияқты өзекті мәселелер тұрғысында өз көзқарасымен бөлісетіні күтілуде.
Қазіргі уақытта елімізде коронавирус дертіне шалдыққандар саны 802-ні құрап, оның 63-і сауығып шыққанымен, өкінішке қарай 9 адам көз жұмды. Нұрсұлтан, Алматы, Қызылорда аймақтары «көш басында» тұр.
Еске сала кетсек, еліміздегі төтенше жағдай тәртібі ағымдағы жылдың сәуір айының аяғына дейін ұзартылды. Бұл туралы бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында мәлім етті.