Бүгінгі Үкіметтің онлайн отырысында денсаулық сақтау министрі оқушылардың алғашқы тоқсанда мектепке бармай, қашықтан оқуын жөн санайтынын жеткізді деп хабарлайды QazPulse тілшісі.
«Өткір респираторлық инфекциялардың маусымдық қозуы мен оқушылар арасындағы коронавирус эпидемиологиялық тұрақсыздықты ескере отырып, оқу жылының алғашқы тоқсанында аз сыйымдылықтағы мектептерді есептемегенде, барлық сыныпты қашықтан оқыту жолдарын қарастырған дұрыс деп есептеймін», – деді Алексей Цой.
Себебі, мектепте дәстүрлі оқытуды бастау – балалар арасында ауру жұқтыру деңгейін арттырып, вирустың оқу орнынан тыс жерлерде таралуына жол ашуы мүмкін. Жалпы жыл сайын жұқтырылатын респираторлық вирусты инфекциямен (ЖРВИ) ауыратындардың 70%-ы 14 жасқа дейінгі балалар құрайды екен.
Сонымен қатар, ол, өңірлердегі коронавирус ахуалына қатысты әкімдердің жұмысы зерделенетінін жеткізді. Бұл мәселеде әкімдерге халықтың теріс пікірі сарапқа салынып, шағымдардың дер кезінде қаралуына назар аударылмақ. Дәрілердің қолжетімділігіне өз алдына жеке көңіл бөлінбек.