Ақордада өткен жиналыста Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа басшысы елдегі эпидемиологиялық жағдайды жақсарту шараларын ұсынды деп хабарлайды QazPulse тілшісі.
Мәселен екі аптадан төрт аптаға дейін созылуы мүмкін ұлттық локдаун (шектеу, құлыптау және т.б.) төтенше жағдайға байланысты белгілі бір аймаққа еркін кіруге немесе шығуға тыйым салуды қарастырады.
Әйтпесе, карантинді мүлде енгізбесе, тамыздың аяғында күн сайын ауруханаға жатқызуды қажет ететін 27 мың COVID-19 дерегі тіркелмек. Инфекциялық және уақытша төсек-орын қажеттілігі 300 мыңға бармақ.
Ал екі апталық локдаунда күніне жеті мыңға дейін науқасты ауруханаға жатқызу қажет болмақ. Тамыз айының соңында төсек қорына қажеттілік 80 мыңды төңіректейді делінуде.
Егер төрт апталық оқшаулау қолданылса, тамыз айының соңында ауруханаға жатқызуды қажет ететін 2500 жағдай тіркеліп, ал төсек-орынға мұқтаждық 30 мыңға дейін артпақ.
«Мен бұл болжамды халық арасында инфекцияның ашық тізбегін үзу, сондай-ақ тиісті инфрақұрылымды дайындау тұрғысынан ең тиімді деп санаймын», – дейді Алексей Цой.
Бұдан тыс, жаңа министр бұқара ішінде індетке тосқауыл қоюда 10 негізгі шараны атады:
– амбулаториялық негізде инфекцияны емдеудің қарапайым және түсінікті нұсқаулықтарын жасау;
– дәрі-дәрмектерді жеткізу және сатып алу рәсімдерін жеделдету, отандық өндірушілерді ынталандыру;
– компьютерлік томографиямен бірге COVID-19 диагностикасында цифрлық рентген аппараттарын қолдануды кеңейту арқылы диагностиканың қолжетімділігін арттыру;
– сынақ зертханаларының мүмкіндіктерін кеңейту, тесттерді уақтылы жеткізу;
– шақыру кезінде мобильді топтардың сынақ алуын қарастыру;
– науқастарға үйде барынша медициналық қауіпсіз көмек көрсету;
– амбулаториялық деңгейде қашықтықтан кеңес беруді енгізу;
– стационарларды өкпені жасанды желдету құрылғыларымен қамтамасыз ету;
– жерлеу тәртібін өзгерту;
– азаматтардың қоғамдық сергектігін арттыру.