Су жинау мүмкіндігі 5 млрд 200 млн текше метр «Шардара» су қоймасын күрделін жөндеуден өткізбесе, ол жарылып, өзінен 110 км төменде жатқан, 3 млрд текше метр қоры бар «Көксарай» су қоймасын қосып алып кетуі ықтимал. Сонда екеуін қосқан кезде шамамен 8 миллиард 200 миллион текше метр судың қасында 900 миллион текше метрлік «Сардоба» су қоймасының зардабы түк болмай қалу қаупі туындап отыр.
Осылай деп өзінің парақшасында шұғыл бейнежолдау жасаған белгілі заңгер, қоғам белсендісі Абзал Құспан өзінің қорғауындағы бұрынғы Ауыл шаруашылығы Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішевтің жанайқайын жеткізді.
«(Ол кісі – редакция еск.) «Қызылағаш» су қоймасында бар-жоғы 30 миллион текше метр су жиналатын еді дейді. Осыдан он жыл бұрын «Қызылағаш» су қоймасында қараусыз қалғанның салдарынан бөгет бұзылып, су тасқынынан 45 адам қайтыс болды, бір ауылды екі сағаттың ішінде тып-типыл жоқ қылып жіберді. Ал «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су қоймасын қосқандағы судың көлемі «Қызылағаш» су қоймасынан 273 есеге дейін көп. Егер Ислам Әбішевтің айтуымен «Шардара» су қоймасы дұрысталмайтын болса, оның салдары 273 есеге дейін зор болмақ. Ол тығыз орналасқан оңтүстік аймақтармен қосып, Қызылорданың Аралына дейін су шайып кетеді деп түрмеде жатқанымен шырылдап, дабыл қағып жатыр», – дейді Абзал Құспан.
Еске сала кетсек, Өзбекстандағы Сардоба су қоймасындағы бөгеттің жарылуы салдарынан Қазақстанның оңтүстігіндегі Мақтарал ауданындағы бірқатар елдімекенді су басты. Қазір онда Президент тапсырмасымен үкіметтік комиссия жұмыс істеп, шығын көлемін анықтауда.