Елорда әкімі Алтай Көлгінов қала тұрғындарына үндеу жасады деп хабарлайды QazPulse тілшісі.
Шаһар басшысы төтенше жағдай аяқталып, қоғамдық орындар ашылғанмен қуануға әлі ерте дегенді келтірді. Ол халықтан бірнеше мәселеге назар аударуды сұрады.
«Бірінші, қазір біз байқағанымыздай ауру жұқтыру ошақтары отбасыларында пайда болуда. Мысалы, балалары, ата-анасы, ата-әжесі де вирусты жұқтырды. Салдарында бүкіл отбасы мүшелерін ауруханаға жатқызуға тура келді.
Екінші, көңіл аударуды талап ететін мәселе бұл ұжымдарда ошақтар пайда бола бастады. Соңғы аптадағы вирус анықталған азаматтардың тең жартысынан көбі ол ұжымдардағы азаматтар. Отбасында да және жұмыс орынында да санитарлық нормалардың, карантиннің талаптарының дұрыс сақталмауының есебінен деп мамандар айтады», – дейді әкім.
Осы орайда 3 мәселе ерекше атап өтілуде.
Біріншіден, қоғамдық орындарда, азаматтар көп шоғырланатын жерде міндетті түрде медициналық масканы тағу қажет.
Екіншіден, қарапайым гигиеналық нормаларды сақтауды ұмытпау қажет. Әсіресе балаларға түсіндіріп, отбасы бен жұмыста да осы тәртіпті бұзбау керек.
Үшіншіден, азаматтар көп шоғырланатын жерге барудың қажеті жоқ және де арақашықтықты сақтау міндет.
«Тек сонда ғана біз вирустан құтыламыз. Тәжірибе көрсеткендей вирус жасқа қарамайды. Дені сау азаматтар да вирусты жұқтырып, өз-өзін емдеймін деп денсаулығын қиындата түсуде. Жас, тепсе темір үзетін азаматтар ауруханаға түсуде. Ауыр халде жатқан азаматтарымыз да бар», – дейді Алтай Көлгінов.
Егер 600-ден астам ауруханада карантинде болса, соның тең жартысынан көбінде өкпенің қабынуы диагнозы анықталған. Демек, нағыз қауіпті топқа жататындар. Соның ішінде 34 денсаулығы ауыр халде деп бағалануда. Олардың 12-сі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
«Біз күнделікті қарап, бақылап жүрміз. Бірақ, азаматтық, әлеуметтік жауапкершілік болу керек. Ендігі ортақ міндетіміз — вирустың таралуына жол бермеу. Қатаң тәртіпті сақтасақ, карантин режимінен ертерек өтеміз», – деп түйіндеді ойын елорда жетекшісі.