Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің бейне конференция форматында өткен кезекті отырысына қатысты деп хабарлайды QazPulse тілшісі.
Қазақстан Президенті өз сөзінде «2025 жылға дейінгі еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық даму бағыттары туралы» құжаттың жобасына ерекше назар аударды.
«Комиссия (Еуразиялық экономикалық – автор еск.) өкілдері жуырда Мемлекет басшыларының стратегияны қабылдайтыны жайлы аңдатпа жасап қойды. Мен бұны алдын ала хабарланған орынсыз әрекет деп санаймын. Президенттер өздері талқылап, шешім қабылдауы керек», – деп ескертті ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент осы құжатқа қатысты бірқатар түсіндірме жасады. Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші кезекте тауарлардың кедергісіз әрі шектеусіз тасымалын іс-жүзінде қамтамасыз ету, секторлар бойынша тараптармен келісілген бірыңғай қызмет көрсету нарығын кезең-кезеңімен құру, ортақ энергетикалық және қаржы нарығына дайындалу қажет деп санайды.
Мемлекет басшысы Одаққа мүше елдер арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың көпқырлы екенін атап өтіп, оның экономикалық, әлеуметтік, гуманитарлық қатынастарды қамтитынын жеткізді.
«Сондықтан аталған мәселелерді бесжақты форматта Еуразиялық экономикалық комиссияны қатыстыра отырып қарастыру, оның нақты іске асуын қиындатады. Денсаулық сақтау, білім және ғылым салаларын Еуразиялық экономикалық комиссияның құзыретіне толық көлемде беру, оның экономикалық бағытын айтарлықтай өзгертіп жіберуі мүмкін. Яғни, 2015 жылғы Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімнің мәніне қайшы келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президентінің айтуынша, интеграциялық жұмыс ұлттық құқықтық жүйенің ерекшеліктерін ескеруге тиіс әрі ұлттық заңнаманы үйлестіру және біріздендіру мәселелерін қарастыру кезінде «жеткілікті қажеттілік» қағидатын ұстануы керек.
«Стратегияда ұсынылған заңнаманың «үйлестіруге және біріздендіруге» қатысты құқықтық жауапкершілік орнату бөліміндегі әкімшілік және қылмыстық, кеден ісі, техникалық реттеу, тұтынушылардың құқығын қорғау сияқты бірқатар сала, біздің пікірімізше, ақылға қонымды жеткіліктілік қағидатына әлі де толық жауап бермейді. Ал бұл ұлттық қоғамдық ой-пікірдің стратегияны қабылдамауына алып келеді. Өйткені стратегия үкіметтер мен парламенттердің дербес құқығын шектейді», – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілеттігін кеңейту мәселелеріне мұқият болуға шақырды.
«Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттердің қызмет көрсету, өзара сауда мәселелері бойынша үшінші елмен өткізетін екіжақты келіссөздеріне Комиссияның қатысу құқығын беру қосымша зерттеуді қажет етеді», – деді Президент.
Мемлекет басшысы дәл қазіргі жағдайда Еуразиялық экономикалық одақпен ынтымақтастықтың басым бағыты экономиканы қайта қалпына келтіру мәселесі бойынша құрылуы керек екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Парламентінің Еуразиялық экономикалық одаққа бақылаушы мемлекет ретінде кіру туралы шешімін құптады.
Саммит қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен «2025 жылға дейінгі еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық даму бағыттары туралы» құжат негізінен мақұлданғанымен, қабылданған жоқ. Одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтері мен комиссияға стратегияны пысықтау тапсырылды.
Онлайн саммитке Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекеттің басшысы ретінде Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысты.
«Еуразиялық бестіктің» көшбасшылары Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысын 2020 жылдың күзінде Минск қаласында өткізуге уағдаласты.