Ішкі істер министрлігі 25 мамыр Алматыдағы шеп-бекетте болған қайғылы жағдайдан сабақ алғандарын айтуда. Екі полиция қызметкері қаза тапқан оқиғаға талдау жасалған.
Министрліктің хабарлауынша, жол-көлік апатына жеке құраммен алдын алу жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуі, тәртіп сақшылары ішіндегі заңбұзушылықтарға дер кезінде шешім қабылданбауы себеп болған. Сонымен қатар, БАҚ тарапына бұрмаланған ақпарат берілгені аян.
Осылайша, қызметтік тексеріс қорытындысында, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтің бұйрығымен басшылықтағы 9 лауазым иесі тәртіптік жазаға тартылды.
Мәселен, Алматы қаласы полиция департаментінің патрульдік полиция полкі командирінің орынбасары Қуаныш Сатаев, кадр саясаты басқармасының бастығы Олжас Мырзабеков және жеке құрам бойынша инспекция жетекшісі Арнұр Ақылбеков қызметінен босатылды.
Лауазымына толық сәйкес еместігі алматылық жергілікті полиция қызметінің Манап Саттаровқа, өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Саламат Көкірекбаевқа және Алматы полиция департаменті бастығының орынбасары, полковник Әбдуали Нашарбековке ескертілген.
Бірінші орынбасар Нұрлан Алмасбеков пен бөлім басшысы, ресми өкіл Салтанат Әзірбекке қатаң сөгіс жарияланған.
Алматының бас полицейі Қанат Таймерденов те қарамағындағы ұжымда жіберген олқылықтары үшін қатаң сөгіс «арқалады».
«Әр басшысы өз қызметкерлеріне жауап береді. Ол жеке құрамның арасында тәртіп пен заңның бұлжытылмай сақталуын қамтамасыз етуі тиіс. Бұл жұмыс Алматы қаласының полиция департаментінде лайықты деңгейде ұйымдастырылмаған. Салдарында біз бірден екі қызметкерімізден айырылып, бір қызметкер ауыр дене жарақатын алды. Бәріміз үшін, әсіресе жапа шеккендердің туған-туысқандарына, бұл – орны толмас зор қайғы. Сондықтан бұл оқыс оқиғаға жол берген басшыларға тиісті шаралар қолданылды. ІІМ басшылығы алдағы уақытта да қызметтік тәртіптің сақталуын қатаң талап етіп, кез-келген заңбұзушылыққа нақты бағасын беретін болады. Жүктелген міндетті атқара алмайтын немесе оған құлықсыз адамдардан қатарымызды тазартамыз», – деп уәде берді ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.