Алматы облысы Қарасай ауданының полициясына Көксу ауылының 34 жастағы тұрғыны құны 50 мың теңге тұратын ұялы телефонының сауда орталықтардың бірінің автотұрағында автокөлік панелінен ұрланғаны туралы арызданған деп хабарлайды QazPulse тілшісі рolisia.kz порталына сілтеме жасап.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде, аталған ұрлық дерегін Іргелі ауылдық округінің аға учаскелік инспекторы Е.Ташкенев ашқан.
Ол бейнежазбаны қарау барысында бейнеден бұрын ұрлық және тонау қылмыстары үшін бірнеше рет сотты болған, Көксай кентінде уақытша тұратын 36 жастағы Өзбекстан азаматын таныған.
«Бір тәулік ішінде тәртіп сақшысы күдіктіні ұстап, одан ұрланған телефонды тәркіледі. Күдіктінің бұрынғы соттылығы ескеріле отырып, ол тергеу судьясымен қамаққа алынды», делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта айғақзат – телефон заңды иесіне қайтарылған. Жәбірленуші учаскелік инспекторға жедел қызметі үшін алғысын білдіруде.
Полиция қызметкерлері тұрғындарды бағалы заттары мен ақшаларын оңай, қолжетімді жерде қалдырмауға, ұрлық жасауға мүмкіндік бермеуге шақырады.