Қазақстанда COVID-19 індетімен күрес үшін Денсаулық сақтау министрлігіне жалпы сомасы 114 млрд 826 млн теңге бөлінген деп хабарлайды QazPulse тілшісі.
«Коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігіне жалпы сомасы 114 миллиард 826 миллион теңге қаражат бөлінді. Оның ішінде 40 миллиард 58 миллион – Үкімет резервінен нақты келесі бағыттарға қарастырылды: 21 миллиард 184 миллион – жеке қорғаныс құралдарын, 2 миллиард 30 миллион – дәрі-дәрмекті, медициналық мақсаттағы бұйымдарды, 2,5 миллиард – зертханалық жабдықтар мен коронавирусты анықтайтын жүйелерді сатып алуға бөлінді», – дейді министр.
Коронавирусты анықтауға арналған реагенттерді әзірлеу және өндіру бойынша қызметтерді сатып алуға 100 млн теңге, ПТР тәсілімен зертханалық зерттеулерін ұсыну қызметтері үшін 13,7 млрд теңге, жедел жәрдем машиналарын жабдықтауға отандық өндірістегі өкпені жасанды желдету құрылғыларын сатып алуға 310 млн теңге, азаматтарды эвакуациялау үшін 131 млн теңге берілген.
Қалған республикалық бюджеттен жолданған 74 млрд теңге бойынша медициналық ұйымдардың инфекциялық, карантиндік және уақытша ауруханаларға медициналық қызмет көрсетуіне 19,5 млрд теңге, карантиндік шараларға тартылған жұмыскерлерді ынталандыруға 40,4 млрд теңге, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Алматы қалаларында үш модульдік инфекциялық аурухана кешенін салуға 14,8 млрд теңге бағытталған.
Осы орайда дәрі-дәрмек жетіспеушілігіне, ауруханаларда орынның жоқтығына жолығып, тіпті бетперде сияқты қарапайым қорғаныс құралдарын өздері сатып алуға мәжбүр болған халық арасында «Қыруар қаржы қайда кетті?» деген сауал туындауда. Отандық белгілі құрылыс компаниясы айналысқан модульдік ауруханалардың салыну бағасына күдіктенгендер де бар.