Қазақстанда шетелдіктердің 60%-ы құрылыс, ауыл шаруашылығы және тау-кен саласында жұмыс істейді, ал олардың 52%-дан астамы Атырау облысында еңбек етеді деп хабарлайды QazPulse тілшісі «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ талдауына сүйене отырып.
Сарапшылардың мәлімдеуінше, Қазақстандағы шетелдік жұмыс күшінің (бұдан әрі – ШЖК) жай-күйіне жүргізген талдау нәтижесі – ел экономикасына шетелден жоғары білікті және орташа білікті жұмыс күшін тартуға берілетін рұқсаттар санының соңғы 3 жылда төмендегенін көрсетті.
Ал ағымдағы жылы ШЖК-не берілген рұқсаттар саны 3,2 есеге қысқарған. Бұл көрсеткіш елде және әлемде COVID-19 пандемиясы аясында енгізілген карантиндік шараларға да байланысты.
Бірінші жартыжылдықта, шектеу шаралары енгізілгенге дейін елімізде құрылыс қызметі, ауыл шаруашылығы және тау-кен өнеркәсібі саласы ШЖК-не ең мұқтаж салалар екені атап өтілуде. Дәл осы салалар бірлесіп еліміздегі барлық шетелдік жұмыс күші санының 60%-дан астамын тартады.
«Тартылатын ШЖК құрылымы әр өңірде әртүрлі және бірінші кезекте өңірдің экономикалық ерекшеліктеріне байланысты. Негізінен кәсіпорындар жоғары білікті шетелдіктерді тартады. Тек ШҚО мен Алматы облыстарында ғана негізінен орташа білікті шетелдіктерді жұмысқа алады», – дейді сарапшылар.
Республика бойынша ең көп шетелдікдерді жұмысқа батыс өңірлері жұмылдыруда. Мәселен, Атырау облысында тартылатын ШЖК-нің 52,5% шоғырланған. Сондай-ақ, ШҚО, БҚО, Алматы облыстары және Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары да шетелдік жұмысшыларды жалдайды. Бұл өңірлерде елімізге еңбек етуге келген азаматтардың 35,5%-ы тұрады.
Батыс өңірлер демекші, Мұнай сервисі компаниялары одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұловтың зерттеуінше, шетелдік және жергілікті мұнайшылардың жалақысының айырмашылығы жиырма есеге дейін барады. Мысалға «Теңізшевройл» компаниясында шетелдік маман айына 12 миллион теңге алса, қазақстандық әріптесі 18 есе аз, 739 мың теңгені қанағат тұтады. Қашағанда отандық жұмысшы 1 млн 200 мың теңгеге қуанса, экспаттар айына 20 млн теңге айлықты қалтаға басуы мүмкін.
2020 жылдың І тоқсанында шекара асып, елімізге жұмыс істеуге келгендердің басым бөлігі Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан және Түркменстан мемлекетінің азаматтары. Қазақстанда енгізілген шектеу шараларына байланысты ағымдағы жылдың ІІ тоқсанының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш өзгеруі мүмкін.
«Бұл ретте, өңірлерге келетін шетелдіктердің санын бегілеген кезде сол өңірдің жергілікті еңбек ресурстарының нақты әлеуеті ескерілмей жатады», – дейді сарапшылар.
Мәселен шетелдік мамандар арасында маусымдық қызметкерлердің үлесі ұлғаюда екені баршаға аян. Мұның себебі отандық жұмыс берушілерге заңнамада белгіленген әлеуметтік төлемдер мен аударымдарды талап етпейтін, біліктілігі жоқ арзан шетелдік жұмыс күшін жалдау тиімді.