«Қазіргі уақытта әліпбиді (латын – автор еск.) жетілдіру жұмыстары қорытындылау кезеңіне аяқ басты». Осылай деген Тіл комитетіндегілер, алайда болашақ латын әліпбиіне қатысты нақты бір жобаны да, жұмсалып жатқан қаржы жайын да ашып айта алмады деп хабарлайды QazPulse тілшісі.
Дегенмен, «Күлтөбенің басында күнде жиын» демекші, саналуан іс-шаралар легі толастамауда.
Мәселен Министрлік өкілдері Нұр-Сұлтан қаласындағы 14 жоғары оқу орнының белсенді студенттері және жастармен жұмыс жөніндегі комитет жетекшілерінің арасында латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі талқыланғанын жеткізді.
Жалпы бұған дейін барлық өңірде әліпби бойынша берілген ұсыныстарға, сондай-ақ кейбір дыбыстарға қатысты ашық талқылаулар өтіп, филолог ғалымдар, жоғары оқу орындары студенттері қатысып, өз пікірлерін білдірген. Комитеттегілердің сендіруінше, пікір алмасу Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалында, Еуразия ұлттық университеті, Еуразия гуманитарлық институты және Қарағанды мемлекеттік университеті ғалымдарының арасында да жалғасқан.
Орфографиялық, Әдістемелік, Терминологиялық және Техникалық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтарының қатысуымен «Латыннегізді қазақ әліпбиі: ұсыныстар, талқы және нәтиже» атты кеңейтілген кеңес өткізілген, кейбір әріптердің жазылуы мен пернетақтадағы орналасуы салмақталған.
«Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек. Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұловаға тиісті тапсырма бердім. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр», – деп жазды былтыр Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың қазан айында латын графикасына негізделген әліпбиді жетілдіруге қатысты берген тапсырмасынан кейін, Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанынан құрылған Орфографиялық, Әдістемелік, Терминологиялық, Техникалық сүйемелдеу жұмыс топтары біріге отырып жұмыстар жүргізуде. Жоғарыда айтып отырғанымыз осылар.
«Жалпы латын графикасына негізделген 34-тен астам жоба қарастырылды, 8 әліпби жобасы авторлардың тікелей қатысуымен ғалымдар тарапынан талқыланып, сараланды, жоба авторларына ресми түрде ғалымдардың сараптамалық қорытындысы берілді», – дейді Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Тіл комитетінің мамандары.
Осы орайда «Тіл-Қазына» орталығының мамандары орфографиялық жұмыс тобы ғалымдарымен бірге, БАҚ және әлеуметтік желілердегі материалдарды саралай келе, әліпби жобасы бойынша ұсыныстар әзірлеген. Аталған әліпби таңбаларының жазуда берілуі және оқылуы бойынша білім беру орындарында 3 рет оқушылар мен мұғалімдер, студенттер арасында сауалнама жүргізілген.
«Жұмыс топтарының бірлескен кеңесінде үш нұсқадағы әліпби жобасы талқыланды», – деген Мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметкері ақтық мәреге жақын қалған жобалар бекітіліп болған соң ғана назарға ұсынылатынын айтып қысқа қайырды.
Осы орайда публицист Дастан Елдес кириллицада қала бергенді дұрыс деп санайтынын жазғаны белгілі. Оның ойынша, Қазақстан қабылдағысы келетін латын әліпбиі нұсқаларын әлі де жетілдіріп, қазақ тілінің өзін компьютер бетінде кодтау керек.
Алайда А.Байтұрсынов атындағы Тіл институтының директоры Ерден Қажыбек латынға көшудің артықшылықтарын санамалап беруге дайын.
«Біріншіден, әлемнің қырықтан астам мемлекетін мекендейтін қазақтың үлкен шоғыры латын әліпбиін кеңінен қолданып отыр. Сол себепті, бұл тұтастығымыздың кепілі саналады. Екіншіден, бұл үдеріс біздің еліміздің түркітілдес халықтармен ғылым, техника, мәдени-рухани жағынан жақындауына мүмкіндік бермек. Үшіншіден, латынға өту Қазақстанның басқа мемлекеттермен экономика, қаржы, сауда басқа да салалар бойынша бәсекелестігін күшейтіп, инновациялық болашаққа қадам жасауына серпін болады. Ендігі бір ескеретін жағдай, біз тек қазақ тілін латынға көшіреміз демеуіміз керек, мұны Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін жаңа әліпбиге көшіру деп қабылдағанымыз жөн», – дейді ол.
Ресми жоспар бойынша мектеп оқушылары 2022 жылдан бастап латын әрпімен сауат ашады. Ортадан коронавирус килікті… Ал 2025 жылға дейін барлық іс қағаздары, оқулықтар мен БАҚ латын қарпіне көшеді деп жоспарланған. Қазір көптеген мекемелер, мемлекеттік органдар, бизнес құрылымдары, оқу орындары атауы мен қағаздарды жаппай латын әрпімен жазу үрдісіне кірісті.
Әңгіменің түйіні, латын әліпбиіне көшудің ауылы алыстап, аталған оңы мен солы толық ажырамаған рухани реформаға халықтың көңіліндегі күдік пен күмән күн өткен сайын ұлғайып бара жатқандай. Саяси астары тағы бар… Сондықтан құзырлы орындардан анық жауап тосамыз.