Қара алтынның жаңа орны геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу барысында байқалған деп хабарлайды QazPulse тілшісі.
«12 мм штуцерде тәулігіне 100 м3 дейінгі дебитпен бұрқақты мұнай ағыны (мұнайдың үлес салмағы – 0,82-0,85 г/см3) тарихи деректерді кешенді геологиялық-геофизикалық зерттеу, бассейндік үлгілеу, жоғары технологиялық сейсмобарлау жұмыстарының және Шығыс Бектұрлы-1 іздестіру-барлау ұңғымасының оңтайлы орналасуы нәтижесінде орта юра дәуірі қабатынан алынды. Бұдан бөлек, мұнай (үлес салмағы – 0,82 г/см3) алдыңғы сынақ нысандарынан орта және төменгі юра қабаттарының сынамаларын іріктеу жолымен алынған болатын, сондай-ақ триас шөгінділерінен де көмірсутектің белгілері анықталды», делінген мұнай саласындағы Ұлттық компанияның хабарламасында.
Қазіргі уақытта ұңғымада геофизикалық және гидродинамикалық зерттеулер кешені жалғасуда.
Шығыс Бектұрлы телімі Маңғыстау облысының Қарақия ауданында Өзен-Қарамандыбас, Жетібай, Бектұрлы, Шығыс Жетібай, Ақтас және басқа да қолданыстағы мұнай-газ кен орындарына жақын маңда орналасқан.