Жалпыұлттық «BIZ BIRGEMIZ» онлайн-форумына қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев COVID-19 қаупі әлі сейілмегендіктен, Үкімет қайтадан карантин шараларын күшейтуге мәжбүр болғанын жеткізді деп хабарлайды QazPulse тілшісі.
Президент кеселден қайтыс болған адамдардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, вирус жұқтырғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Сонымен қатар, ол, «Үкіметке қорғаныс киімдері мен қажет дәрі-дәрмектің, ауруханадағы орындардың тапшылығы, басқа да түйткілдер бойынша жағдайды жедел жақсарту жөнінде нақты тапсырма берілгенін еске салды.
«Бүгінгі форумда коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрген азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Осыған орай, мен «Халық алғысы» атты арнайы медаль тапсыруды ұйғардым. Бұл – осындай қиын-қыстау уақытта аянбай еңбек еткен азаматтарға арналған жаңа мемлекеттік марапат. Осы медаль нағыз Отаншыл жандарға тапсырылады деп сенемін. Бүгін «BIZ BIRGEMIZ» жалпыұлттық онлайн-форумы аясында осы медальмен бір топ азаматты марапаттаймыз. Жалпы, пандемияға қарсы науқанға белсенді атсалысқан ел тұрғындары мемлекеттік наградалармен марапатталады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, індеттен құтылған соң елордада азаматтардың ерлігіне арналған ескерткіш қою керек.