Мемлекеттік құпияны жариялағаны үшін сотталған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев мерзімінен бұрын бостандыққа шықты деп хабарлайды QazPulse тілшісі.
18 маусым әлеуметтік желіде сотталған Дүтбаевтың тиісті мерзімнен бұрын шартты түрде бостандыққа шыққаны жайлы ақпарат тараған болатын. Мұндай хабарламаларды таратушылар құпия дереккөздеріне сілтеме жасады.
Бүгін таңертең Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьясы, БАҚ-пен байланысқа жауапты Елдос Жұмақсанов QazPulse тілшісіне Дүтбаевтың не себепті бостандыққа шыққанын түсіндірді.
Айтуынша, 2020 жылдың 11 қаңтарында Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, қауіпсіздігі орташа деңгейдегі колонияда жазасын өтеушілер қамауда ұстау мерзімдерін қайта есептеуге мүмкіндік алды. Ендігі кезекте, тергеу изоляторындағы 1 күн орташа қауіпсізідігі бар мекемедегі 1,5 күн болып есептеледі.
Нартай Дүтбаевтың жазасын өтеу керек мерзім де қайта есептеліп, сотталушының белгіленген мерзімнің жартысын өтегені белгілі болды. Сөйтіп, ол шартты түрде бостандыққа шығу туралы өтініш жазды. Шешім қабылдарда Дүтбаевтың егде жасы (64 жас) қоса есептелген.
«Азаттық радиосы» сотталушы жазасын өтеген ОВ-156/17 түрмесімен байланысқа шығып, Дүтбаевтың бостандыққа шыққаннан кейін Алматыға кетуі тиіс болғанын білді.
Естеріңізге сала кетсек, Нартай Дүтбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетін 2001 жыл мен 2006 жылдың аралығында басқарды.
2017 жылы Ақмола гарнизонының әскери соты оны мемлекеттік құпияны жариялағаны және қызметтік шенін асыра пайдаланғаны үшін 7,6 жылға соттады. Ол«генерал-лейтенант» атағынан және мемлекеттік марапаттардан айырылды.
Бір жылдан соң Дүтбаевқа екінші сот үкімі шығарылды. Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айыбы дәлелденіп, оның ішінде қылмыстық жолмен тапқан ақшаны заңдастырғаны белгілі болды.Жазасы ішінара біріктірілген соң, экс-шенеунік 12 жылға бас бостандығынан айырылды.
2019 жылдың қаңтарында Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі кассациялық алқасы Нартай Дүтбаевтың жаза мерзімін 11 жылға қысқартты.
Іс материалдарында мемлекеттік құпияға жататын мәліметтер болуына байланысты сот талқылауы жабық өткізілді.
Бұған дейін мемлекеттік құпияны жинауға/сақтауға/жариялауға қатысы бар деп айыпталған тағы бір жоғары лауазымды экс-шенеунік түрмеден мерзімінен бұрын шыққан еді. ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаевтың тағайындалған жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін сот 14 мамырда қанағаттандырды.
Аделаида АУЕСПЕКОВА