2021 жылы бірінші сынып оқушылары «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілін» оқитын болады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов желідегі парақшасында мәлімдеді деп хабарлайды QazPulse тілшісі.
Бұл бастама жақында Мемлекеттік жалпыға міндетті стандартқа өзгерістер енгізіліп, Әділет министрлігінде тіркеуден өткен.
Бірінші сынып оқушылары оқу жылының бастапқы екі тоқсанында «Әліппенің» бағдарламасын оқыса, қалған екі тоқсанда «Ана тілі» пәнін оқымақ.
Сәйкесінше, орыс тілінде немесе басқа тілдерде білім алатын сыныптарда «Букварь» мен «Обучение грамоте» пәндері жүргізілмек.
Министр «Әліппе» Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалғанын атап өтті.
«Қазіргі кезде оқулықтарды әзірлеу бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірыңғай бағдарлама жасаумен айналысатын жұмыс тобын құрдық. Оның құрамында мықты тіл мамандары, әдіскерлер, бастауыш сынып мұғалімдері мен бұған дейін оқытылған «Әліппе» оқулықтарының авторлары бар. Орынбасарым Шолпан Каринова осы жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізіп те үлгерді. Бағдарламалар мен оқулықтар дайын болғаннан кейін оларды пилоттық мектептерде сынақтан өткіземіз деп жоспарлап отырмыз», – деген Асхат Аймағамбетов мәселенің жіті бақылауында екенін жеткізді.