Жақын күндері игі мұсылманның қасиетті Ораза айында ауыз бекіту құлшылығы аяқталып, 24 мамыр Ораза айт мерекесі басталады. QazPulse тілшісі бұл күні не істеуге болады деген сұраққа жауап іздеп көрді.
Жалпы Ислам дінінде екі үлкен мейрам бар, ол – Құрбан және Ораза айт күндері, алғашқы үлкен айтта әр мұсылманға міндетті Қажылық рәсімі өтелсе, екіншісінде отыз күн Ораза ұстау мәреге жетеді.
Сонымен, Ораза айтында қандай амалдарды қолға алған абзал? Діни басқарма мәліметіне жүгінелік.
Біріншісі – пітір садақасын беру
Пітір садақасы Рамазан айында, яғни Рамазан айы басталғаннан бастап айт намазына дейінгі аралықта берілу қажет. Егер пітір садақасын бермегендер болса бірінші кезекте Айт намазына дейін пітір садақасын беруі тиіс. Айт намазынан кейін берілген пітір садақа жәй садақа болып қалады.
Пітір садақасының мөлшері жыл сайын шариғат бекіткен азық-түліктердің бағасына байланысты өзгеріп тұрады. Биылға бекітілген сома – 370 теңге.
Екінші: Айт намазын оқу
Таңертең ерте басталатын айт намазы үшін азан айтылып, қамат түсірілмейді. Үйден шығып, жамағатпен айт намазын оқитын жерге барғанша Аллаға «Аллаһуакбар» деп мақтау айтып бару және қайтып бара жатқанда жалғастыру. Намазға бет алған кезде бір жолмен барып, екінші жолмен қайту сүннет болып саналады.
Шариғат бойынша айт намазын жамағатпен оқу – уәжіп. Алайда, биылғы Ораза айт намазы еліміздегі карантин жағдайына байланысты мешіттерде жамағатпен өткізілмейді. Ханафи мәзһабы бойынша айт намазын үйде жеке оқу дұрыс емес. Бірақ, айт күні күн найза бойы көтерілгеннен кейін әркім өз үйінде екі немесе төрт ракағат нәпіл (дұха) намазын жеке оқи алады. Оны төрт ракағат етіп оқу – абзал.
Үшінші: Ауыз бекітілмейді
Ораза және Құрбан айт күндері ораза ұстауға болмайды. Қуаныш пен шаттыққа толы бұл қос мейрамда мұсылмандар дастархан басына жиылып, дәмді тағамнан ауыз тиетіндіктен ораза ұстамайды.
Сүннет бойынша мұсылман адам намазға шығар алдында құрма дәмінен ауыз тиюі керек. Бұл пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оразаның аяқталып, айт күндері басталғаны жайында берген белгісі.
Төртінші: Жаңа киім кию, ғұсыл құйыну, бойына иіссу себу
Бұл ұлық мерекеде мұсылман адам шамасы келгенше мешітке жаңа киім киіп, әтірленіп барған абзал. Дегенмен, жібек матадан ер азаматтардың бойын аулақ ұстағаны дұрыс.
Бесінші: Халық бірлігі: мейраммен құттықтау, кешірім сұрау, сыйлық жасау
Айт барша мұсылмандардың мерекесі болғандықтан, оны еңбектеген баладан еңкейген шалға дейін сезінуі тиіс. Сыйлықтар таратылып, мерекелік мәдени шаралар ұйымдастырылуы абзал амалдардан. Жүзден аса ұлт өкілі тұрып жатқан еліміздегі әрбір азамат осы мерекенің лебін сезінуі қажет. Ұлтаралық, дінаралық байланысты күшейту мақсатында айт мейрамына орай құт таратылып, арнайы дастархан жайылады.
«Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, сүйіспеншіліктерің артады» деген хадисті негізге алған қазақ даласында қонақ кәдесі, сүйінші, байғазы, тағы басқа адамдарды жақындыққа апаратын амалдар көп. Солардың бірі – айттық сұрау. Айт мерекесімен құттықтап, айттық сұраған жанды қазақ бетін қайтармай қолда бар сыйлықтарын аямаған. Міне бұл ғасырлар өте дәстүрге айналып, бүлдіршіндер үшін айттың бір керемет көрінісі болып есте қалған», – деп әңгімелейді «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы.
Намаз біткен соң мұсылмандар қол алысып, төс қағысып, бір-бірін Айт мерекесімен құттықтайды, жақсы тілектерін айтады. Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап жарасады. Ал әйелдер қауымы үйде қазан асып, дастарқан жайып, айттық шай әзірлейді. Көрші-қолаң бір-бірінің үйіне кіріп дәм ауыз тиеді, шаңырақ иесіне аман-саулық тілеп, айтпен құттықтайды.
Мереке құтты, еліміз аман болсын, ағайын!