ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кадр резервіне іріктелген жастардың тең жартысы жаңа қызметтерге орналасты. Бұл туралы оның кеңесшісі Ерлан Қарин мәлім етті деп хабарлайды QazPulse тілшісі.
Бұл дегеніңіз, алдыңғы шептегі 300 жастың 150-і жауапты лауазымдардың тізгінін ұстады. Оның ішінде орталық мемлекеттік органдарға 83, жергілікті атқарушы органдарға 38, басқа құрылымдарға – 29 жас азамат жолданған.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды бастамаларының бірі – Президенттің жастар кадрлық резервін қалыптастыру. Бұл бастаманы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасы аясында талантты жастар үшін тиімді әлеуметтік көтерілісті құру шараларының бірі ретінде ұсынды», – деп жазды Ерлан Қарин өзінің желідегі парақшасында.
Осылайша өткен жылдың күзінде жарияланған байқауға 13 мың жас қазақстандық өтініш берген. Төрт айдағы іріктеуден 300 адам өтіп, олармен кездескен Президент елдегі жаңғырту қадамдарына әркімнің үлес қосу керектігін атап көрсетті. Сондықтан резервке ену, кеңесшінің пікірінше, жайлы мемлекеттік мансапқа тағайындалуға кепілдік бермейді.
Осы орайда, резерв құрамында биліктегі азаматтардың балалары баршылық. Мәселен Болат Досмұхамбетов Атырау облысы әкімінің, Сәкен Шаяхметов Халық банкі басқарма төрайымының баласы. Дегенмен оқуда үздік көрінген, шетелде жетістікке жетсе де Отанына оралуды жөн санаған дарынды жастар бар.
Таяу уақытта жастар резервіне қатысушыларға жаңа оқу бағдарламалары ұсынылмақ.