Барлық бала, тұратын жеріне және әлеуметтік жағдайына қарамастан, сапалы білім ала алуы қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің адами капиталға арналған отырысында ауыл мектептеріне қатысты ойын білдірді деп хабарлайды Qaz Pulse тілшісі.
Шағын ауылдық мектептерді білікті мамандармен қамтамасыз ету керектігін нұсқаған Мемлекет басшысы, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы қабылданса да жастардың ауылға бармай жатқанына назар аударды.
Президенттің айтуынша, қазір ауылдарда бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ береді. Бір сабақта әртүрлі жастағы балалар бірге отырып оқуға мәжбүр. Ауыл ұстаздарына еңбекақы төлеу жүйесінде осы мәселе ескерілмейді. Сондықтан бұл ахуалды біртіндеп түзеткен абзал.
«Мектеп жанындағы интернаттардың жұмысын одан әрі жетілдіреміз. Бұл аса қажет. 2025 жылға қарай 11 мың орынға арналған 100-ден аса интернат салынуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент білім беру мекемелеріндегі балалардың қауіпсіздігі өте өзекті мәселе екенін атап өтіп, барлық әкімдерге мектептерді бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз ету тапсырылғанын айтты. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы билік, мектептерде заманауи талаптарға сай санитарлық жағдай жасауы тиіс. Бұл шара жыл соңына дейін жүзеге аспақ. Ал даладағы мектеп дәретханаларының қалың бұқараны көптен алаңдатуда екені белгілі.
Президент, сондай-ақ, оқулық әзірлеушілердің жауапкершілігін заң жүзінде айқындауды тапсырды.
«Оқулық нашар болып шықса, оны әзірлеуші жауапкершілікке тартылуы керек. Басқаша болмайды», – деп қайырды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның білім беруде дамыған елдерден артта қалғанын қаржыландырудың жеткіліксіздігімен, реформалардың жүйесіз әрі үстірт жүргізілетінімен түсіндірді.
Осылайша отандық білім беру саласындағы түйткілерді атап көрсеткен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сәйкес кемшіліктерді жоюға тұрақты көңіл бөлінетінін нығарлады. Мәселен педагогикалық мамандықтарға түсетіндерге тағайындалатын шәкіртақы 26 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін өсуі ықтимал.