Елімізде ҚР азаматы бола жүріп, басқа мемлекеттің азаматтығын алудың өрескел заңбұзушылық болып саналатыны белгілі. Алайда, келесі дереккөзде жазылғанға сенсек, кейбір адамдар бұл талапты белден басудан тайынбайтыны байқалады.
Тіпті Transparency International зерттеуінше, қазақстандықтар шетелдік азаматтық алу үшін Еуропаға инвестиция құюда бұрынғы кеңестік елдердің ішінде алғашқы үштікте тұр.
Автордың жазуынша, негізі мұндай жабық мәліметті алу қиын. Алайда Жерорта теңізіндегі шағын аралда орналасқан Мальта елі ашықтығымен ерекшеленуде. 2004 жылы Еуроодаққа мүше болып, 2013 жылдан шетелдіктерге инвестициялық төлқұжат бере бастаған бұл мемлекет тиісті деректі жыл сайын үкіметтік басылымда жариялауда.
Сонымен бір адамға 650 мың еуро немесе екі баласы бар отбасыға 824 500 еуро төлеу қажет Мальта азаматы мәртебесіне 2018 жылғы мағлұмат бойынша 2017 жылы Қазақстанның бірнеше азаматы ие болған. 2019 жылғы мәлімет әлі жарық көрмеген.
Мәселен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бұрынғы басқарма төрағасы Данияр Еренчинов отбасында Мальта азаматтығын алуға онымен бірге жұбайы, кәсіпкер Ксения Фишер және ұлдары Дамит пен қыздары Камила ниет танытқан. Данияр Еренчиновтің мемлекеттік қызметтен, яғни Азаматтарға арналған үкімет басшылығынан Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тұрғылықты жер бойынша тіркелу міндеттелген, иін тірескен кезекте адамдар өлген кезде өз өтінішімен кеткені белгілі. Одан кейін банк саласында қызмет етіп, әлі «Tengri Bank» АҚ үлестес тұлғалары қатарында, яғни Қазақстан азаматы болып тұр.
Тағы бір банкир, «ForteBank» АҚ басқарма төрағасы болған Талғат Қуанышев жары Дана Қарабаевамен, үш ұлымен және екі қызымен Мальта азаматтығын алуды құп көрген. Қазақстан азаматтығынан бас тартқаны белгісіз.
Келесі мальталық банкир Вячеслав Ким қазақстандыққа жақсы танымал «Kaspi Bank» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, Қазақстандағы ең алпауыт байлардың сапына енген. Жары Татьяна Ким мен ұл-қыздары да Мальта жағалауында жиі демалмақ.
Қазақстандық кәсіпкер және қайраткер делінетін Федор Осинин әйелі Ольга және ұлдары Александр, Антондармен бірге Мальтаның азаматтығын үш жыл бұрын таңдапты. Федор Осинин Еуразиялық топтың жетекшісі Александр Машкевич құрған Қазақстанның еврей конгресін басқарады. Бұның да Қазақстан азаматтығынан шыққаны белгісіз.
Осы орайда Қайрат Келімбетов басқаратын Астана халықаралық қаржы орталығы құрылып жатқанда, сәйкес инвестициялық бағдарлама арқылы ҚР азаматтығын 150 мың долларға сатып алуға болады деген сыбыс тарап, кейін оны Орталық басшылығы жоққа шығарған еді.