Осы жылдың 5 айында 6,3 мың этникалық қазақ оралман мәртебесін алды. Бұл туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің халыққа есеп беру кездесуінен QazPulse тілшісі хабарлайды.
Еңбекминінің басшысы 1991 жылдан бері 1 миллионнан астам этникалық қазақ тарихи Отанына қайта оралып, олардың бәрі оралман мәртебесін алғанын, бұл еліміздегі халықтың 6%-ын құрайтынын атап өтті.
«Биыл 1 маусымдағы жағдай бойынша Республикамызға 3245 отбасы (6 361 этникалық қазақ) көшіп келді, оралмандар мен қоныс аударушылардан тұратын 631 отбасы (2 224 адам) қабылдау өңірлерінде (Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстары) орналасты», – деді Біржан Нұрымбетов.
Сонымен қатар ол ағымдағы жылдың 13 мамырында Мемлекет басшысы көші-қон процестерін жетілдіру туралы заңға қол қойғанын мысалға келтірді. Онда келесі жаңа ережелер көзделген:
– «қандас» түсінігінің жаңа нұсқасы. Оған сәйкес этникалық қазақтың бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмағандығы басты өлшем болып табылады;
– жергілікті атқарушы органның оралман мәртебесін алты айдан аспайтын мерзімге, бір рет жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алу мүмкіндігін кеңейту мақсатында ұзартуы;
– атажұртына оралған қандастарымыздың тұрақты тұруға рұқсат алу үшін де, Қазақстан азаматтығын алу үшін де құжаттарды бір уақытта ұсыну құқығы болуы.
Сыртқы еңбек көші-қоны туралы айта келіп, министр, шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы 2019 жылмен салыстырғанда 40%-ға азайғанына басты назар аударды.
«Жыл басынан бері 7,7 мыңнан астам шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берілді. Жұмыс берушілер 2,8 миллиард теңге көлемінде салық төледі. Бұл ретте кадрлардағы қазақстандық қамтуды қамтамасыз ету талабын орындайтын компаниялардың үлесі қазір 96%-ды құрап отыр», – деп атап көрсетті Біржан Нұрымбетов.