ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысы ертеңге, яғни 17 мамыр, жексенбіге келіп тұрған туған күнін үйінде, демалыс күні болғанына қарамастан жұмыс үстінде қарсы алатынын жазды деп хабарлайды QazPulse тілшісі.
«Соңғы күндері бірқатар ақпарат құралдарының өкілдері «Мемлекет басшысы туған күнін қалай атап өтеді?» деген сауал жолдап жатыр. Биылғы 17 мамыр жексенбі күніне сәйкес келіп отыр. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлы үйінде жұмыс істейді. Аталған датаға орай ешқандай шара өтпейді», – дейді баспасөз хатшысы.
Тіпті, Президент Әкімшілігінің қызметкерлеріне туған күнімен құттықтамау, естелік сыйлықтар тарту етпеу туралы ескерту жасалған. Биыл 67 жасқа толатын Президент бұл күнді тойлағанды ұнатпайды. Өйткені ол кісінің отбасында балалардың да, ересектердің де туған күні тойланбайды екен. Ондай дәстүр қалыптаспаған.
Дегенмен ертең Қасым-Жомарт Кемелұлын туған күнімен көршілес мемлекеттердің басшылары телефон арқылы құттықтайды деп күтілуде. Баспасөз хатшысының сөзіне қарағанда, қазірдің өзінде көптеген Мемлекет және Үкімет басшыларының, Парламент төрағалары мен халықаралық ұйым жетекшілерінің құттықтаған жедел хаттары келіп түсуде.
Осы орайда, естелік сый демекші, белгілі қоғам қайраткері, ақын Ауыт Мұқибек өзі abai.kz порталына салған Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Беласу» кітабынан үзінді келтірді. Онда Мемлекет басшысы АҚШ вице-президентінің Қазақстанда қалай қойдың басын мүжігені, әлем басшыларының бағалы кәдесыйларды әртүрлі қабылдайтыны туралы жазады.