Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) өзіндегі қоғамдық кеңестің мүшесі Евгений Сейпульник деген азаматтың бастамасын қолдамады деп хабарлайды QazPulse тілшісі.
Еске сала кетсек, ол бұған дейін қазақстандықтарға зейнетақы жинағының 10%-н ертерек шешуге мүмкіндік беруді ұсынған еді.
БЖЗҚ өкілдері коронавирустық пандемия кезеңінде салымшылардың зейнетақы жинақтарын жеке қажеттіліктері үшін пайдалану мүмкіндігі туралы бастамасы оның жеке пікірі болып табылатынын, Қор жанындағы Қоғамдық кеңестің 2020 жылғы 17 шілдеде өткізілген кезекті отырысында бұл ұсыныс талқыланбағанын мәлімдеп отыр.
«Коронавирустық пандемия мен карантиндік шаралар жағдайында бүкіл әлемде бюджет және бюджеттен тыс қаражат есебінен мемлекет тарапынан азаматтарды қолдау жөнінде жүйелі шаралар қабылдануда. Бұл ретте мән беретін маңызды нәрсе – төтенше жағдайлармен байланысты мәселелерді мемлекет азаматтардың қарттық шағында зейнетақымен қамсыздандыруға арналған жеке зейнетақы жинақтары есебінен шешуге құлықты емес», делінген бүгін таратылған хабарламада.
ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов те, шектеу шаралары кезінде мұқтаж азаматтарға арналған 42 500 теңгені тағайындауда зейнетақы қорының қаржысын пайдалану ықтималдығын жоққа шығарып, зейнетақы жинағы азаматтардың дербес қаражаты деген пікірін білдірді.
БЖЗҚ мәлімдегендей, зейнетақы жүйесіне қатысты ұсыныстар, азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру, мемлекеттік шығыстар және жалпы экономика үшін қабылданатын шешімдердің ұзақмерзімді салдарын ескере отырып, есептеулер мен бағалау жасауды талап етеді.
Осы орайда Евгений Сейпульниктің ұсынысы егжей-тегжейлі пысықтаусыз және негіздеме бола алатын есептеулерсіз ұсынылғандықтан, БЖЗҚ жанындағы қоғамдық кеңестің онлайн талқылауы барысында қолдау таппаған.
Алайда, осыған дейін атап өтерлік жайт, Қазақстанның зейнетақы қорының ақшасы Әзірбайжанның банкроттыққа ұшыраған банкісі сияқты күмәнді жобаларға инвестицияланып, бұқара наразылығын туғызды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы Жолдауында айтылған зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалану жайлы ұсынысының да бүгінгі мән-жайы белгісіз.