Батыс Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бұрынғы басшысы Марат Есенов пара алғаны үшін сотталып, 4 маусым сот үкімі заңды күшіне енді. Енді қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға беруге міндетті, деп хабарлайды QazPulse тілшісі.
Нұрлан Ермекбаев полковник Марат Есеновты 2019 жылдың 11 наурызында БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы қызметіне тағайындады. Алайда өзі сенім білдірген тікелей бағынышты қызметкері жемқорлыққа қатысы болып шықты.
Өткен көктемде Марат Есенов Орал қаласының тұрғыны Л.Кауисовамен отырыстардың бірінде кездеседі. Әйел адам полковникке қолқа салып, Бәйтерек ауданында әскери қызметте жұмыс істейтін күйеуін қалаға қызметке ауыстыруын сұраған.
Алайда орталықта бос орын тек жарты жылдан кейін ғана пайда болды. Осы мүмкіндікті пайдаланып қорғаныс департаментінің басшысы жеңіл жолмен ақша тапқысы келген.
«23.01.2020 жылы Есенов қылмыстық ниетін іске асырмақ болып, WhatsApp мессенджері арқылы азаматша Л.Кауисоваға «Шұғыл хабарлас» деген хат жолдады. Әңгіме барысында Есенов Ю.Кауисовты Орал қаласына қызметке ауыстыру үшін 1000 доллар, яғни 377 290 теңге пара беруі керектігін хабарлаған», – деп жазылған сот үкімінде.
Л.Кауисова полковниктің пара сұрағанын күйеуіне жеткізген. Екеуі ақылдаса келе, Марат Есеновтың заңсыз әрекеті туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне хабарлайды.
Полковник параны екі бөліп алған: жартысы Есеновке қолма-қол ақшамен берілді, қалғанын ол Kaspi Gold картасына аударуды сұраған. Сөйтіп, БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы 200 мың теңге көлемінде пара алып үлгерген. Бұның бәрі жемқорлыққа қарсы агенттіктің бақылауында болды.
Полковник Марат Есеновтың ісі Ақтөбе гарнизонының әскери сотында қаралды. Күдікті кінәсін толық мойындап, мемлекеттік айыптаушымен келісімшарт жасаған. Сондықтан сот тездетілген тәртіпте өтті.
19 мамырда сот үкімі шығарылған болатын. Есеновтың кінәсі толық дәлелденіп, ол «полковник» атағынан айырылды және 4,85 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.
4 маусым үкім заңды күшіне енді. Бұл дегеніміз, қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев 10 күн ішінде өз еркімен отставкаға кетуге міндетті.
Себебі, өткен жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдаған заң бойынша мемлекеттік қызметкер жемқорлық қылмысын жасаса, оған тікелей басшысы жауап береді. Аймақтық бөлімшелердің басшылары үшін министр жауапты.
Ескеретін бір жайт, Нұрлан Ермекбаев отставкаға берсе де, Мемлекет басшысы отставкасын қабылдамай, тәртіптік жаза ғана қолданса болады.