Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне соғыс жағдайы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды деп хабарлайды QazPulse тілшісі Жоғары палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Заң жобасының негізгі мақсаты – соғыс жағдайында мемлекет функцияларының тетіктерін болжалды әскери қауіп-қатерлерді және жаңа заманғы әскери қақтығыстар формасы мен тәсілдерінің өзгеруін есепке ала отырып жетілдіру.
«Заң жобасының басты жаңалығы өңірлерде қорғаныс кеңестерін құру болып саналады. Бұл, өз кезегінде, жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттырады. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарында ақылы негізде запастағы сержанттарды даярлау көзделген, бұл жұмылдыру резервін нығайту қажеттілігінен туындап отыр», – дейді Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов.
Заң жобасы Еңбек кодексіне, «Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру туралы», «Мемлекеттік құпия туралы», «Соғыс жағдайы туралы», «Қазақстан Республикасының Қорғанысы және Қарулы Күштері туралы», «Білім туралы» және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңдарға түзету енгізуді көздейді.