Көрші Өзбекстан елінен келген су басқан Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы жаңа мөлтек ауданда алғашқы екі үйдің құрылысы аяқталуға жақын деп хабарлайды QazPulse тілшісі өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
Қос баспананың есік-терезелері орнатылып, ішкі әрлеу жұмыстары алдағы күндері толығымен аяқталмақ. Бұдан бөлек, 5 үйдің шатыры жабылып, қалған 13 үйдің қабырғалары қалануда.
«Қазір құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сай жүргізілуде. Құрылыс материалдарынан қолбайлау жоқ. Қол күші мен техникалар жеткілікті. Соның нәтижесінде біз алғашқы екі үйіміздің құрылысын аяқтауға жақынбыз. Мұндағы құрылысшыларға барлық жағдайлар жасалған. Белгіленген кестеге сай жұмыс атқару үшін екі кезеңде еңбек етуге тура келіп тұр. Жалпы біздің компания осы мөлтек ауданнан 20 үйдің құрылысын салуды өз мойына алған болатын», – дейді «Нүрі-Л-Жетісай» компаниясының шебері Жұмағали Әйтеков.
Аталған компания жаңа мөлтек аудандағы құрылыс жұмыстары бойынша көш бастап келеді. Өйткені олар жаңбырлы кезеңдерде де тоқтаусыз жұмыс істеп, ауыр техникалар жүретін жолдарға дер кезінде тас төсеп отырыпты. Содан болса керек, мұндағы үйлердің іргетастары бір мезетте құйылып, қабырғалары да бір кезеңде қалануда.
Жалпы айта кетейік, жаңа мөлтек ауданда 37 мердігер мекеме тұрғын үй құрылысын жүргізуде. Мұндағы 383 тұрғын үйдің құрылысына 1334 адам жұмылдырылған. Бұл үйлердің құрылыс жұмыстары ҚР Үкіметінің резерві және Қорлар есебінен («Б.Өтемұратов», «Салиқалы ұрпақ» және «Біз біргеміз») жүргізілуде.
Еске сала кетсек, бұған дейін ауданда Қазақстан және Өзбекстан елдерінің үкімет басшылары болып, құрылыс жұмыстарын бастап беріп еді.