2020 жылғы І тоқсанда Қазақстан Республикасы халқының орташа жан басына шаққандағы табысы 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,4%-ға өсті, ал инфляцияның қалыптасқан деңгейін ескере отырып, нақты табыс 1,4%-ға артты.
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ осындай мәлімет ұсынып отыр деп хабарлайды QazPulse тілшісі.
«Табыстың ең көп үлесін, яғни 60%-ға жуығын жалдамалы жұмыстан түскен табыстар, екінші орында 28%-ға жуығын әлеуметтік трансферттерден түскен табыстар құрайды. Өткен жылдан бастап мемлекет халықты әлеуметтік қолдау шараларын күшейткенінің нәтижесінде әлеуметтік трансферттер үлесінің өскенін атап өту керек», дейді орталық мамандары.
2020 жылғы І тоқсанда республика бойынша жалдамалы жұмыстан түскен ақшалай табыс жан басына шаққанда 105 мың теңгені құраған. Алайда, халықтың табысына елдегі енгізілген төтенше жағдай және коронавирус пандемиясына байланысты карантиндік шаралар теріс әсер еткенін атап өту қажет.
Жан басына шаққандағы ең жоғары орташа кірістермен Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы қаласы, сондай-ақ өнеркәсіптік дамыған өңір ретінде Қарағанды облысы және мұнай өндіруші кәсіпорындар орналасқан Маңғыстау облысы көш бастап тұр. Ең төменгі кірісті еліміздің оңтүстігіндегі ауыл шаруашылық өңірлерінің тұрғындары алады. Жалпы республика бойынша халықтың табысы 2019 жылдың І тоқсанымен салыстырғанда барлық өңірлерде дерлік өскен.
Осы орайда еске сала кетсек, елдегі коронавирус қаупіне байланысты енгізілген шектеу шаралары аясында төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға мемлекет тарапынан 42 500 теңге әлеуметтік төлемі тағайындалып, халықтың аса мұқтаж топтарына «Біргеміз» қорынан бірнеше рет 50 мың теңгеден берілді. Сонымен қатар, азық-түлік себеті сынды өзге де жәрдем түрлері қарастырылды. Дегенмен халық ішінде көмектің жеткілікті болмағаны немесе барлық жақты толық қамтымағаны, әділетсіз үлестірілгені жайлы пікірлер жиі айтылды.