Ағымдағы жылғы 5 шілдеден бастап «Алматы-Сарыағаш» (№321/322) бағытындағы пойыздың жүруі уақытша тоқтатылады деп хабарлайды QazPulse тілшісі.
Сонымен қатар Нұр-Сұлтан-Алматы, Алматы-Павлодар, Нұр-Сұлтан-Өскемен және Нұр-Сұлтан-Достық сияқты әлеуметтік маңызы бар бағдарлардың қатынау жиілігі қысқарады:
• «Алматы-Нұр-Сұлтан» (№3/4) күнара (күнделікті емес);
• «Алматы-Павлодар» (№31/32) күнара (күнделікті емес);
• «Нұр-Сұлтан-Өскемен» (№67/68) күнара (күнделікті емес);
• «Нұр-Сұлтан-Достық» (№257/258) аптасына 1 рет (аптасына 2 рет орнына).
Бұдан басқа, бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, 22 бағыт бойынша қала маңындағы пойыздардың қозғалысы уақытша тоқтатылады, 8 бағыт бойынша жалпы вагондар алынып тасталады, «Talgo» пойызында отыруға арналған орындары бар вагондар жабылады.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының міндетін атқарушы Асылхан Қалдыкөзовтің айтуынша, бұрын осы тоқтатылған пойыздарға жол жүру құжатын рәсімдеген жолаушылар билетін қайтарып, ақшаны толық көлемде ала алады немесе басқа балама пойыздарға билет сатып ала алады.
Билет кассалары қалыпты тәртіпте жұмыс істейді, барлық сұрақтар бойынша теміржол көлігіндегі анықтама қызметі 105 нөміріне хабарласуға болады.
Еске сала кетсек, Қазақстанда қалыптасқан коронавирус ахуалына байланысты 2020 жылғы 5 шілде сағат 00.00-ден бастап екі аптаға шектеу шаралары енгізіледі.