Зейнетақы жинағын пайдалану мәселесі ше? Жұмыссыздық жай қалай шешіледі? Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия болып қайта құрылатын ТЖ тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысын өткізіп, бірқатар мәлімдеме жасады.
Нақтысы, 11 мамыр Төтенше жағдай аяқталды. Дегенмен карантиндік шектеулер әлі де сақталады хабарлайды QazPulse тілшісі.
«…Індеттің шарықтау шегінен өттік. Бүгін бүкіл еліміздегі Төтенше жағдай режимі аяқталды. Алайда, кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей отыр. Індет толығымен жойылып кеткен жоқ. Пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті. Сондықтан карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады», – деді Президент.
Соған қарамастан, Мемлекет басшысының сөзінше, көптеген саланың қызметі қалпына келе бастады. Қазірдің өзінде 1 миллион 100 мыңнан астам азамат жұмысқа шықты. Бүгіннен бастап еліміз бойынша дүкендердің біразы ашылады, сән салондарының, білім орталықтарының, тағы басқа нысандардың қызметі қайта жанданады. Саябақтар ашылады. Жолаушыларға арналған әуе тасымалының жұмысы қалпына келеді. Бұған дейін 6 қаланың әуежайы ашылған болатын. Енді оған тағы 7 қала қосылады.
Көптеген шектеулер алынып тасталды. Алайда, күнделікті өмірде сақтық шараларын қатаң ұстанған жөн. Үкімет жаңа санитарлық ережелерді дайындап, енгізуі қажет. Шағын, орта, ірі компаниялар жаңа ережелерге сәйкес жұмыс істеуі керек.
Әлеуметтік арақашықтықты сақтау, көпшілік жиналған жерде бетперде тағып жүру қалыпты жағдайға айналуға тиіс.
Облыстар арасындағы көлік қатынасына қатысты шектеулер қала береді.
Қоғамдық көліктер жартылай жүктемемен жұмыс істейді.
Жолаушылардан бетперде тағу талап етіледі.
Көшеде топтасып жүретіндер 3 адамнан аспауы керек.
Мемлекеттік қызметшілердің 50 пайызы қашықтан жұмыс істей береді.
Жеке кәсіпорын басшылары қанша қызметкерді жұмысқа шығаратынын өздері анықтауға тиіс.
«Жұрттың көбі әлі де үйде отыра тұрғаны дұрыс болар еді. Бұл – ең алдымен, адамдардың қауіпсіздігіне байланысты мәселе. Жұмыс орнында әлеуметтік арақашықтық және қатаң санитарлық режим сақталуы қажет. Індеттің екінші кезеңі басталып кетуі мүмкін», – деп ескертті Мемлекет басшысы.
Індет қайта өршіген жағдайда Үкімет нақты шұғыл іс-қимыл жоспарын дайындамақ.
Әлемде 400 миллионнан астам кәсіпорын банкрот болудың алдында тұр. Дегенмен елімізде қаржы қоры жеткілікті, жаңа ахуалға көзқарас айқындалған.
Отандық тауар өндірушілерді қолдауға арналған мемлекеттік сатып алудың ерекше тәртібі ағымдағы жылдың тамыз айына дейін сақталмақ.
Инфрақұрылымдық бағдарламалар бойынша жерсіндіру деңгейі 70 пайызға дейін көтеріліп, Үкімет пен әкімдердің, квазисектор компаниялары басшыларының жұмысы негізінен осы көрсеткішке қарай бағаланбақ.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ауыл шаруашылығына қолдау жасалып, кооперациялық тізбекті егістік даласынан дүкенге дейін толық дамытуға күш салынатыны жоспарлануда.
«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінген 1 триллион теңгеге жуық қаржыны, Президент, шағын бизнесті несиелеуге де ұсынды. Ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашу қажет.
Баспанамен қамтуда «7-20-25» сынды «5-10-20» несиелік тұрғын үй жобасы іске қосылатыны күтілуде. Осы орайда «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» аясында «Отбасы банк» мекемесі дүниеге келмек.
Ел арасында қызу пікірталас тудырған зейнетақы жинағының бір бөлігін қазірден кәдеге жарату бастамасы тұрғысында Үкімет 1 шілдеге дейін түпкілікті бағыт-бағдарын анықтауы тиіс.
Жалақыдан табыс салығын ұстауда айлығы аздарға жүктемені азайту арқылы еңбегінің ақысын «тығылып» алатындарды заңдастыру көзделуде.
Қаржы нарығын реттеу агенттігіне қарызға батқан азаматтарды оңалтуға қарайласу тапсырылды.
Тағы бір оң жаңалық, келесі жылдан шағын қаржы ұйымдарын лицензиялау енгізілмек.
Бірыңғай жиынтық төлем төлеу арқылы белгілі болған жандарды барынша экономикаға белсенді тарту межеленіп отыр. Бұл тұста жұмыссыз ретінде тіркеліп, жәрдемақы алу жеңіл күйге түспек.
Президент алдағы мемлекеттік активтерді жекешелендіру кезінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлеуетін жан-жақты қолдану керектігін меңзеді.
Мемлекет қазіргі ахуал мен болашақ өзгерістер 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының жаңа нұсқасында ескерілуі қажеттігін айтты.
Ұлттық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет күшейтіліп, Биологиялық қауіпсіздік жөнінде кеңес жасақталмақ.
Қашықтан оқыту жетілдіріліп, оқу орындары іс жүзінде цифрландырылып болуы тиіс. Үкімет пен министрліктер, әкімдіктер де мәжілістерін қашықтан жүргізуге төселіп, артық әрекеттерден арылмақ.
Сөз соңында Президент Өзбекстандағы су қоймасының бұзылуы салдарынан Түркістан облысында су тасқыны болғанына еске салып, тұрғын үйлер салынатынына, барлық шығынның өтелетініне, ешкімнің назардан тыс қалмайтынына тоқталды.
* * *
Еске сала кетсек, әлемдегі коронавирус қаупіне байланысты, елімізде 16 наурыз ТЖ тәртібі жарияланып, Нұрсұлтан мен Алматы және Шымкент сияқты ірі қалалар оқшаулануға жабылды. Қоғамдық тәртіп күшейтіліп, көшеде бей-берекет жүруге тыйым салынды. Сонымен қатар, ірі сауда нысандарының жұмысына шектеу қойылды. Қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылды. Санитариялық-эпидемияға қарсы ауқымды іс-шараларға Қорғаныс министрлігінің және ішкі істер органдарының құрылымдық бөлімшелері жұмылдырылды. Кейбір мекемелер қашықтан жұмыс істеуге көшіп, жұмыссыз қалғандарға 42 500 теңге әлеуметтік төлемі төленді. Коронавируспен күреске жұмылған дәрігерлер қауымына көтерме ақы төлеу қолға алынды.
Кейін карантин талаптары жеңілдетіліп, бірқатар кәсіпорындарға жұмысын қайта жандандыруға рұқсат етілді. Мәселен, салыстырмалы түрде жағдайдың тұрақтанғанын ескеріп, 1 мамырдан бастап Елорда мен Алматы арасындағы әуе рейстері ашылды.