Қазақтың салтында тойға бару, тойда тілек айту, адам өмірден өткенде топырақ салу деген дәстүрлер бар. Бірақ, қазіргі таңда осы дәстүрлерді түсіністікпен қарап, одан да маңызды адам өмірі екендігін біліп, осыған көңіл бөліп, адамның амандығына барынша үлес қоссақ.
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы коронавирус ахуалына халықты осылай жағдайға түсіністікпен қарауға шақырды деп хабарлайды QazPulse тілшісі.
«Қазақ халқының тарихында көптеген сын уақыттар болды біз бірігіп, бір болып барлық сындардан аман-есен өтіп келе жатқан ұлы халықпыз. Алла қаласа, біз бұл сынақтан да Иншалла аман-есен өтеміз. Бізге керекті мәселе, ол бір-бірімізге түсіністікпен қарап, карантин талаптарын қатаң сақтап, бір-бірімізді құрмет қылу, бір-біріміздің өмірін сыйлау, денсаулығымызды сыйлау қазіргі уақытта маңызды болып тұр», – деді хазірет.
Сонымен, қазіргі сын уақытта жаназа намазына қойылатын талаптар:
Жаназа намазына бір ғана діни қызметкердің қатысу;
Жаназа намазына тек отбасы және жақын тумаларының қатысу;
Жаназаға жалпы саны 30 кісіден артық жиналмау;
Бойында дене қызуы немесе жөтелі бар кісінің жаназа намазына мүлде қатыспау;
Жаназа намазына келуші кісі міндетті түрде санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және екі метрден кем емес арақашықтық) сақтау;
Індеттен қайтыс болған мәйітті дәрігердің нұсқаулығына сай жуу;
Жаназа намазы мен уағыздың жалпы уақытын 5 минуттан асырмау;
Жаназа намазы барысында қол алысып амандаспау;
Жаназа намазының сабын түзегенде кемінде екі метр қашықтықты сақтау;
Қабір басында мәйіт жер қойнына тапсырылғаннан кейін жамағатты тездетіп қайтару;
Жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар (ер мен әйел) және жас балалар жаназа намаздарына қатыспау;
Қонақасын өткізбеу;
Жаназадан кейінгі асты өткізбеуге немесе отбасы мүшелерімен шектелу.
Құдайы астарға (жетісі, қырқы, жүзі, жылы және тағы басқа) қатысты талаптар:
Астарды өткізбеуге немесе отбасы мүшелері, жақын тумаларымен шектелу;
Бір ғана діни қызметкердің қатысуы;
Санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және арақашықтық) сақтау.
«Шариғатта қандайда жұқпалы аурудың белгісі тараған кезде аурудың етек алуын тоқтатуда карантин режимі қажет екені атап айтылған. Мұндай карантиндік жағдай көптеген мұсылман мемлекеттерінде жүзеге асуда. Сондықтан қазіргідей көзге көрінбейтін зиянды дерт тараған кезде оның алдын алу әрбір мұсылман баласы үшін міндет», – деді ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров.