Түркістан облысының полицейлері “Қарасора” жедел-алдын алу іс-шарасы барысында алты есірткі алқабын анықтады деп хабарлайды QazPulse тілшісі Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасай отырып.
«Қарасора» республикалық кең ауқымды шарасы 1 маусымнан 31 қазанына дейін Түркістан облысының аумағында өткізіліп жатыр. Оның негізгі мақсаты есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды анықтау және жолын кесу, құрамында есірткі бар өсімдіктердің егісін анықтау және жою, есірткі трафигінің жолын кесу, есірткіні сақтаумен және сатумен айналысатын адамдар мен ұйымдасқан қылмыстық топтарды ұстау бойынша мүдделі органдармен және ведомстволармен өзара іс-қимыл жасау болып табылады.
«Осылайша, Түркістан облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментімен бірлесе отырып, шекара маңындағы аумақтарды, таулы және жазық жерлерді, сондай-ақ өзендердің жағалауларын аралап шықты. Отырар ауданының аумағында жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде, Маятас ауылынан 10 шақырым жерде полиция қызметкерлері 30 шаршы метр қарасора есірткі затын анықтады. Жедел уәкілдер заттай дәлелдемелер ретінде құрамында есірткі бар 1200 түп өсімдікті алып, сараптамаға жіберді», деп хабарлайды Ішкі істер министрлігінен.
Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері Түркістан қаласының тұрғынын ұстады. Ұсталған күдіктінің үйін тінту кезінде одан құрамында есірткі бар қарасора өсімдігінің тұқымы, таразы және басқа да айғақты заттар тәркіленді. Аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы 2-бөлімі “Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру” бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Одан бөлек, “Қарасора” шарасы барысында Түркістан облысының полицейлері құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған бес егістікті тауып, жойды. Соның нәтижесінде жедел уәкілдер есірткі егетіндерден құрамында есірткісі бар 1000-нан астам түп сора өсімдігін тәркіледі.