Астанаға қоныс аударған Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Мемлекет басшысына есеп берді деп хабарлайды QazPulse тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Президент айырбас бағамының тұрақтылығын қамтамасыз етуді маңызды мәселе ретінде атап өтті.
«Бұл мәселеде Үкімет пен Ұлттық банк үйлесімді жұмыс істеуі қажет екенін атап айтқым келеді. Квазимемлекеттік компаниялардағы басы артық валютаны ішкі нарыққа сату тәжірибесін жалғастыра беру керек. Ұлттық банк қажет болған жағдайда айырбас бағамын тұрақтандыру үшін қосымша шаралар қабылдайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Ұлттық банкке Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, кепілсіз тұтыну несиесіне қатысты мәселені ұдайы бақылауда ұстау жөнінде тапсырма берілді.
Мемлекет басшысы қаржы ұйымдарының жұмысын ашық жүргізуді маңызды міндет деп санайды. Бұл мәселе жалған ломбардтар мен микроқаржылық ұйымдардың алаяқтық іс-әрекеттері үдей түсуіне байланысты өте өзекті болып отыр.
«Ломбардтар мен басқа да қаржы ұйымдарының жұмысына тексеру жүргізіп, аталған саладағы жағдай туралы ақпарат беруді тапсырдым. Бұл жұмысты жылдамдату керек. Тексерулердің қорытындысы негізінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Бас прокуратурамен бірлесіп, аталған саланы реттеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу және тұтынушылардың құқығын қорғау жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын», – деді Президент.