Блок-бекеттегі апатқа себепші болған Азат Азаматов осы айдың басында ғана лейтенант шенін алған полиция қызметкері екені анықталды деп хабарлайды QazPulse тілшісі 31-арна сюжетіне сілтеме жасай отырып.
Азат Азаматов апат болған күні кезекшілікке түсіпті. Оның әкесі Талғат Мұқашев полицияның күдіктіні экс-қызметкер деген мәлімдемесін жоққа шығарды.
«Коронавирусқа қарсы бұларда демалыс болмай кетті. …Соның салдарынан таңғы бесте рульде келе жатқанда ұйқыға көзі жұмылып кетті ме деймін. …Қасындағы жолдасына қасқыр да қастық қылмайды», – деп жүрегі қарс айырылған Талғат Мұқашев қаза тапқан полиция қызметкерлерінің жақындарына көңіл айтады. Сары уайымға салынған әке сот шешімі шыққанша түрлі қаңқу сөздер тыйылса екен дейді.
Ұлының қолымен істегенін мойнымен көтеруі тиіс екеніне келіскен ол, алайда қасақана жасалған қылмыс деп жала жабуға болмайды дегенді келтіріп, перзентінің ішімдік ішіп алғанына сенбейді. Өзі де ішкі істер саласында 28 жыл жұмыс істеп, зейнетке шыққан азамат оқиғаның анық-қанығын түсіруі керек камераның дәл сол кезде істен шыққанына күмәнданады.