Кеше Президент Жарлығымен денсаулық сақтау министрі болып Алексей Цой тағайындалып, бұған дейінгі сала басшысы Елжан Біртанов қызметінен кеткені белгілі. Енді бүгін жаңа министр екі орынбасарын сайлап алды деп хабарлайды QazPulse тілшісі.
ҚР Үкіметінің қаулысымен Марат Шоранов ҚР денсаулық сақтау бірінші вице-министрі және Ажар Ғиният вице-министр қызметіне тағайындалды.
Ал бұған дейінгі негізгі вице-министрдің бірі Ләззат Ақтаева өз өтінішімен жұмысынан босатылды.
«Мемлекет басшысы бұрынғы денсаулық сақтау министрі Е. Біртановты денсаулық жағдайына байланысты берген өтінішіне сәйкес қызметінен босатты. Е. Біртанов отставкаға кету туралы берген өтінішінде өзінің ауыруына байланысты және қосымша емдеуді қажет етуіне орай денсаулық сақтау саласына толыққанды басшылық жасау, әсіресе, эпидемиологиялық жағдайдың асқынуы жағдайында қиын болып отырғанын атап өтті. Ол денсаулық сақтау министрі қызметінде күнделікті жүйелі жұмыс істеп, министрліктің барлық құрылымдарына тұрақты түрде қатаң бақылау және шұғыл басқару жұмыстары талап етілетінін атап өтті», делінген хабарламада.
Алексей Владимирович Цой 1977 жылы 2 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Sells College (Лондон), Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының аспирантурасын, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын, «Дәнекер» халықаралық құқық және халықаралық бизнес институтын, РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының корпоративтік басқару жоғары мектебін тәмамдаған. Стэнфорд университетінде (АҚШ), Сингапурда, Мәскеуде, Германияда, Ұлыбританияда және т. б. елдерде тағылымдамадан өткен. Іскерлік әкімшілендіру докторы, медицина ғылымдарының кандидаты.